×

Елорда вокзалы Ұлттық музейдің ерекше коллекциясымен безендірілді

Күту залдарындағы 40 модуль халқымыздың тарихы мен мәдениетін паш етеді

 Ербол Тұрымбет 30.08.2024 | 13:31
Фото: Halyq Uni

«Нұрлы жол» теміржол вокзал кешенінде «Қазақстанның ұлттық игілігі» әлеуметтік-мәдени жобасы таныстырылды. Жоба аясында қазақ халқының дәстүр танымы, мәдениеті мен тарихы, ұлттық спорты, сондай-ақ ұлттың рухани әрі материалдық құндылықтары ұсынылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шара Қазақстан темір жолының 120 жылдығы мен Ұлттық Музейдің 10 жылдығына, сондай-ақ, Конституция күні мен Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай ұйымдастырылған.

Вокзалдың күту залдары ақпарат алаңдарымен және «Ұлы Жібек жолы», «Қазақ хандығы», «Ұлық ұлыс», «Қазақтардың рухани әлемі», «Қазақ халқының салт-дәстүрінің даналығы», «Қазақстан табиғаты», «Қазақ тағамдарының философиясы» сынды тақырыптағы көрме бөлімдерінен тұрады.

Астана тұрғындарына, қала қонақтарына, сондай-ақ, алыс-жақын шетелден келген туристер үшін қазақ халқының дүниетанымымен жақынырақ танысуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Небәрі 9 күннен кейін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз жалауын көтереді. Бұл қатардағы жай бәсеке емес, қазақ халқының ұлттық дүниетанымын жер-жаһанға паш етер сәт. Дүбірлі додаға төрткүл дүниеден тоқсанға жуық ел қатыспақ, – деді жиынға қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Ұлттық музейдің маркетинг және креативті индустрия бөлімінің жетекшісі Зәуре Қонысбекованың айтуынша, теміржол бекетінде 40 ақпараттық модуль паш етілген.

Осындағы бүкіл экспозиция Бақытхан Мырзахметовтің «Көш» картинасынан басталатыны бекер емес. Оның өзі осы кешенге үйлеседі. Осы коллекциямыз арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениеті көрсеткіміз келді. Оның ішінде «Ұлық Ұлыс», одан соң Қазақ хандығы кезеңі, оның ішіндегі дала парламентаризмі, батырлар мен хандар институты – бәрі мемлекеттің негізгі тіректері, дейді ол.

Оның сөзінше, бұдан бөлек халқымыздың рухани әлемі таныстырылған. Онда қазақтар үшін не маңызды болғаны көрсетіледі. Онда дін де, музыка да, басқасы да бар.

Мәселен, Табиеваның «Кеш» деп аталатын картинасы бар. Бұл өзі өте ескі картина. Оны жуырда реставрациядан өткіздік. Қазір қайта түледі. Оның фрагментін тек осы жерден ғана көруге болады. Бұл картинада қазақтар үшін «отбасы» ұғымының нені білдіретіні көрсетілген. Оттың басы, үй қаншалықты маңызды екені бейнеленген, дейді Зәуре Қонысбекова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама