Мекеме қызметкерлері науқастардың есепшоттарынан ақша жымқырған
Абай облысында психикалық ауытқуы бар адамдарды қанаған директорға қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыс прокуроры Ерлан Абаевтың айтуынша, №1 Семей арнайы қызмет көрсету орталығының директоры қамқорлығындағы психикалық дертке шалдыққан 4 адамға шаруа қожалығындағы құрылыс жұмыстарын жасатқан.
Қылмыстық істі облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы ҚР ҚК-нің 128-бабы 2-бөлігінің 6,9,11-тармақтары («Адам саудасы») бойынша тергеген. Қазір іс сотқа жолданды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар, мекеме әкімшілігі мен қызметкерлері техникалық қызметкерлердің орнына науқастарды пайдаланып, үй-жайды тазалауға мәжбүрлеп, тамақ дайындатқан, сондай-ақ олардың есепшоттарынан жәрдемақыларын жымқырған.
Аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.