Қарағанды облысында білім беру саласының 1,5 мың қызметкері жауапқа тартылды
Мекемелерде көптеген заңбұзушылықтар анықталды
Қарағанды облысында білім беру саласының 1,5 мың қызметкері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның басшысы Бауыржан Мырзакеровтің айтуынша, балалардың құқығын қорғау саласындағы жұмыстардың аясында жүргізілген тексерулердің нәтижесінде облыс бойынша санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі, білім беру, инклюзивті оқыту, фармацевтикалық қызмет, еңбек қатынастары, объектілердің қауіпсіздігі және мемлекеттік сатып алулар салаларында 3 мыңнан астам заңбұзушылықтар анықталған.
Тексерулердің нәтижелері бойынша 400 қадағалау актісі енгізіліп, 1,5 мың лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды. Жалпы көлемі 100 миллион теңге айыппұл салынды. 117 мың баланың құқығы қорғалып, 4 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 1 іс бойынша үкім шығарылды, ал қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.
Алқа уәкілетті органдардың өз функцияларын орындауына мемлекеттік бақылауды күшейту және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу міндетін белгіледі.