Интернет-алаяқтықпен күрес, қылмысты азайту: Түркістанда Президент тапсырмалары қалай орындалып жатыр
Өңірде кейбір қылмыс түрі азайған
Биылғы жылды Түркістан облыстық полиция департаментінде «Профилактика жылы» өткізіліп жатыр. Бүгінде өңір республика бойынша қылмыс деңгейі бойынша ең аз көрсеткіш осы өңірге тиесілі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бүгінде өңірде мал ұрлығы, интернет алаяқтық, ескірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу басты міндет болып тұр. Сондай-ақ полицияның «сервистік модельге» көшуі, полиция қызметінің ашықтығы да маңызды мәселенің бірі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде орындауда полицейлердің рөлі зор.Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың айтуынша, бүгінде ведомство бар күш-жігерін қылмысты азайту мен халыққа жақын полиция құру бағытына жұмсап отыр.
Тәртіпті қоғам орнатуға шақыру, бірлесіп қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына жұмыс жасау, қылмыстың алдын алу мақсатында, 2024 жылды «Профилактика жылы» деп бекіттім. Сондықтан биылғы жасөспірімдер қылмысы, жол көлік оқиғалары, мал ұрлығы, алаяқтық, зорлық-зомбылық, нашақорлық, вандализм, лудомания секілді бірқатар қылмыстардың алдын алу шараларын күшейттік. Яғни жеке құрамға 15 бағыт бойынша нұсқау бердім, бүгінде тәртіп сақшылары күшейтілген күн тәртібінде жұмыс жасап жатыр, - деді ол.
Сондай-ақ облыс тұрғындарын рейд, профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары жиілесе оған түсіністікпен қарауға шақырды.
Фото: Түркістан облысының полиция департаментінен
Себебі көп жағдайда ұсақ құқық бұзушылықтар үлкен қылмыстың болуы сатысындағы қауіпті процесс, әсіресе қастандық, бопсалау, ұрып-соғу мен тонау қылмыстарына жол ашып береді. Сол себепті барлығын бақылауда ұстап, ұсақ-түйекті назардан тыс қалдырмай, жұмыс жасаймыз. Одан бөлек полицияның сервистік моделіне көшу бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ведомстваралық арнайы топ құрылды, - деді өңірдің бас полицейі.
Оның айтуынша, бұл жоба «САРА» моделі көмегімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта топ мүшелері 3 кезең бойынша жұмыстарды жүргізді. Пилоттық жоба ретінде Түркістан облысындағы барлық аудандар енгізілген.
Учаскелік полиция инспекторлары өз аумақтарын толықтай аралап шығып, статистикалық деректер жинақтады. Халық арасында сауалнама жүргізілді. Қауіпсіздік мәселелеріне талдау жасалды. «Қылмыстылық үшбұрышы» бойынша талдамалық зерттеу жүргізілді. Топ мүшелерімен қылмысты болдырмау және қылмыстың алдын алу бойынша тіркелген барлық қылмыстардың жасалған уақытына, күніне, аптаның қай күнінде жасалынғанына, қылмыс қай жерде орын алғандығына, қай уақытта (түнде немесе күндіз), жалпы келтірілген шығын санына, соның бәріне егжей-тегжейлі мән берілді. Соның нәтижесінде жұмыс жоспары бекітіліп, өз септігін тигізуде, - деп толықтырды сөзін.
Департамент басшысы сервистік полиция - жазалаушы орган емес, халыққа көмектесуші орган екенін атап өтті.
Полиция - азаматтардың мәселелерін шешуге көмектесетін және қызмет көрсететін орган. Сондықтан халыққа жанашыр, қорғаушы полицей болып сапалы қызмет көрсетуге барымызды саламыз. Елдің алғысына бөленіп, жауапкершілікті сезінеміз. Азамат пен қоғамдастық – басты ошақ, ал қауіпсіздікті сезіну, полицияға сенім арту, қоғамдастық өмірінің сапасы тиімділік көрсеткіші саналады деп білемін. Қазір облыста қылмыс санының азайғаны едәуір байқалады. 2024 жылдың 6 айындағы Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Республика бойынша қылмыс саны ең аз аймақ болып саналады. Тіркелген қылмыстар саны – 7,9 пайызға төмендеді, яғни 2 мың 264-тен 2 мың 085-ке, 179 қылмысқа азайған. Оның ішінде, кісі өлтіру қылмыстары - 17 %-ға, бұзақылық – 26,4 пайызға, тонау - 31 пайызға, ұрлық – 36,0 %-ға, азайғанын атап өту керек, - деді департамент басшысы.
Бұған қоса, ол соңғы жылдары елімізде интернет алаяқтықтың көбейгенін тілге тиек етті. Өңір халқын алаяқтардан сақтау үшін қылмыстың бұл түрімен күрес күшейтіліп жатқанын айтты.
Интернет-алаяқтыққа қарсы күресті оңтайландыру мақсатында департаментте «CyberPol» арнайы тобы құрылды. Онда білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен бірге ІТ мамандары жұмыс істеп жатыр. Интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алудың басты шешімдерінің бірі – ол профилактикалық іс-шаралар. Демек, халық көп шоғырланатын орындарда, сауда-орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кинотеатрларда, мешіттерде және базарларда алаяқтық және қалта ұрлықтары бойынша ескертпе-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылды. Қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндірме және мониторинг жұмыстары жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа полицейлермен бірге әлеуметтік желілерде ауқымды аудиториясы бар танымал блогер, актерлер де қатысып тұрады, - деп қосты ол.
Департамент басшысы сондай-ақ өңірде есірткі қылмысымен күрес қалай жүріп жатқанын айтып берді. Биыл Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек анықталған. Нәтижесінде айналымнан 200 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Қазір есірткінің алдын алу жұмыстары нашақорлыққа қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары мен облыс өңірін дамыту бағдарламаларының аясында жүргізіліп жатыр.
Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу мақсатында, күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта ағымдағы жылдың өзінде 91 ақпараттық сайт анықталып, «Киберқадағалау» сараптамасына жолданып, бұғатталды. Облыс жастары, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мен нашақорлықты болдырмау бойынша, сондай-ақ олардың нашақорлыққа және есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында құқықтық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіп келеді. Айта кететіні, атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандар арасында қоғамдық орындарда есірткі тұтыну фактілері орын алмады, - деді Мұрат Қабденов.
Айта кетейік, өткен жылдың қортындысы бойынша қоғамдық орында жасалған қылмыстар – 6%-ға, көшеде жасалған қылмыстар – 31,3%-ға өскен. Сондай-ақ масаң күйде жасалған қылмыстар – 11,4%-ға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар – 11,6,%-ға төмендеген. Жол қауіпсіздігін сақтау, құқық бұзушылықтарды болдырмау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін «Кибер-Шериф», «Автоураган» арнайы көліктері және «Дрон» құрылғыларымен жұмыстар атқарылып жатыр.
Облыста қоғамдық тәртіпті сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын-алу үшін 1 405 бейнебақылау камералары жұмыстарын атқаруда. Оның 203 данасы жылдамдықты өлшеу бейнебақылау камералары. Бұдан бөлек ішкі істер органдары Президент тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысатынын атап өту керек. Экологиялық акция басталған уақыттан бері полицейлер белгіленбеген жерлерде қоқыс шығару фактілерін анықтау, полигондардан тыс сұйық қалдықтардың төгілуін болдырмау, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» іс-шарасында 25 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, аталған акциясы кезінде, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 15311 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Ал абаттандыру ережелерін бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін 5347 адамға ескерту жасалды, ал 230 адамға қатысты айыппұл салынды, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, Мұрат Қабденов құқықтық мәдениетке қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, құқықтық мәдениет үш түрлі элементтен құралады.
Біріншісі, құқықтық сана. Екіншісі, құқықтық идея. Үшіншісі, құқықтық мәдениет. Біз осы үш ұғым тұрғысынан қарасақ, құқықтық мәдениетке жалпылама баға беруге болады. Қазақстанда ең белең алып отырған ауруымыз – жемқорлық. Осының кесірінен елдің дамуы да тежеліп жатыр. Құқықтық идея дегеніміз – теңдік идеясы. Екіншісі, бостандық қағидасы. Үшіншісі, әділеттілік. Теңдік мәселесіне қазір көбірек назар аударылып отыр. 32 жыл уақыт ішінде Қазақстандағы азаматтар бәрі бірдей теңдей мүмкіндікке ие болған жоқ. «Жаңа Қазақстандағы» мақсат та – сол. Әділетті Қазақстан құру. Осы тұрғыдан келгенде, ілгерілеу бар. Түркістан - облыс болғалы жақсы жаққа өзгеру байқалады. 5 жылдан астам уақыт аралығында жеке құрам тәулік бойы жұмыс жасап, нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыруда қарқынды қызмет етті. Нәтижесінде бүгінде тұрғындар қарапайым ғана, мысалы кез келген жерден жолды кесіп өтпеу, қала ішінде белгіленген жылдамды ұстану, мал ұрлығы қылмысының алдын алу шараларын қолдану сынды ережелерге бағынатын болды. Соның арқасында қылмыс саны азайып, тәртіп бұрынғыдан да жақсырақ орнай бастады, - деді Қабденов.
Бұған қоса, ол полициямен бірге еріктілер, қоғамдық көмекшілер, көпқабатты тұрғын үйлердегі тұрғындар арасынан тағайындалған төрағалармен профилактикалық шараларды жүргізуге белсенді қатысатынын атап өтті. Мәселен, қоғамдық тәртіпті сақтауға, барлық қылмыс түрлерінің алдын алу шараларына 1500-ге тарта ерікті түрде, 500-ге жуық «қоғамдық көмекші» жұмыс атқарып жатыр. Олар учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады.
Пернебай САПАРОВ