Көшпенділер ойындарына қатысатын құсбегілердің дайындығы пысықталды
Жүлде алған Ұлттық құрама мүшелеріне федерация президенті атынан арнайы сыйақы беріледі
Республикалық Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен жиналыс өткізді. Жиында жарыста еліміздің намысын қорғайтын құсбегілердің дайындығы пысықталды.
Елордада өткен жиынға Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли, вице-президенттер – Жанжігіт Омархан мен Бағдат Мүптекеқызы, сондай-ақ атқарушы директор Базарбек Кунтуған және құсбегі спортшылар қатысты.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын құсбегіліктен тоғыз спортшы қорғайды. Олар:
- бүркіт бойынша – Серікбек Кунтуган, Ерзат Байкадамов, Арман Кушкаров;
- қаршыға бойынша – Дәурен Аршабай, Бағдат Кеуенов, Құдайберген Рауилұлы;
- ителгі бойынша – Ерлан Кенжетаев, Бақдәулет Бабажан, Ибрагим Базарбаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері ұлттық құрама сапындағы құсбегілер үшін Алматы қаласы мен Ақмола облысында екі оқу-жаттығу жиыны өткен. Үшінші оқу-жаттығу жиыны Астана қаласында 27 тамыздан 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Еліміздің төрінде төрткүл дүние көз тіккен үлкен шара өткелі жатыр. Осы дүбірлі додада ел туын сеніп тапсырған спортшыларымызға федерация атынан сәттілік тілеймін. Шапқан аттың тұяғы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр даланың иесін, қыран баптап, құс салған бекзада өнердің киесін танытатын сәтте аянып қалмайық. Мемлекет басшымыздан бастап бүкіл ел бізге сенім артып отыр, – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында медальдік міндеттемелер мен қосымша сыйақы мөлшері жарияланды. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының атынан жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар – бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орын иеленгендер – 300 мың теңге, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады.
Бұдан бөлек додада құсбегіліктен Қазақстан қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелеріне федерация президенті атынан арнайы сыйақы беріледі. Оның мөлшері:
- 1-орын үшін – 1 000 000 теңге;
- 2-орынға – 500 000 теңге;
- 3-орынға – 300 000 теңге.
Айта кетейік, «Құсбегілік» спорт түрінен жарыс 12-13 қыркүйекте Астананың этноауыл аумағында өтеді.