×

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма?

Мамандар соңғы 10 жыл көлемінде қабырғалары тұзданып, төбесінде дымқыл дақтар пайда болғанын айтады

фото: inform.kz

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма? Ел арасында «тарихи кешен маңын жасанды абаттандырудың салдарынан кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған» деген пікірлер айтылып қалады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Мамандар не дейді? Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының сюжетінде көрсетілді. 

Кесене туралы түрлі алыпқашпа әңгіме бұрыннан бар. Алайда мамандар соңғы 10 жыл көлемінде қабырғалары тұзданып, төбесінде дымқыл дақтар пайда болғанын айтады. Оның нақты себебін әлі ешкім толық зерттеп көрмеген. Сондықтан ғалымдар тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін шұғыл шара қолданып, ғылыми түрде зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет дейді.

«Ғалымдар сол бақылаудың нәтижесінде қорытынды шығарып ғана біз мына проблемалардың бәрінен құтыла аламыз. Ал оған дейін ғылыми негіздегі ауқымды жұмыс атқарылмаса, біз сөз деңгейінен аспаймыз. Біреулер оны абаттандыру жұмыстарынан көреді. Тағы басқа себептерді айтады. Біреулер оны теріс дейді. Бізге осы даудың нүктесін қою үшін арнайы маманданған кәсіби мамандар осы мәселемен түбегейлі айналысуы керек», - дейді «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек. 

Кесене салынғалы бері қаншама аласапыран замандарды бастан өткерді. «Оған табиғаттың тосын мінезі - жаңбыр мен желді қосыңыз. Мүмкін іргетасы отырып, қабырғалары қисайған шығар. Соның барлығы толық зерттеуді қажет етеді», - дейді мамандар. Сонда ғана ылғалдың қайдан келгенін білуге болатынын айтады. 

«Ылғалдана берсе, ылғал басым болған сайын ол кірпішті жеп қояды. Кірпіш мүжілгеннен кейін ол қабырға құлауға айналады. Тұзы барлығын ыдыратады. Құрылымын бұзады. Сау тұрған дүниені ыдыратып жібереді. Сондықтан ол мүжілу, құлау қаупі бар. Егер біз бұған мән беріп, амалын қолданбасақ, түбінде бұл үлкен қауіп», - дейді «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек. 

Мұражай басшысының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселеден хабардар. Қазірдің өзінде бірқатар ғылыми жұмыс қолға алынған. Ал ай соңында кесенені түбегейлі тексеру үшін Түркістанға шетелдік мамандарды шақыру жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге келетін туристердің саны артпаса кеміген емес. 

Түркістан облысына саяхаттап келгендердің барлығы міндетті түрде Түркістанға соғып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасамай кетпейді. Өткен жылы өңірге 1 млн-ға жуық мейман келсе, биыл 1,5 млн саяхатшы келеді деп күтілуде. Сондықтан дала сәулет өнерінің жауһар туындысы қашанда жұрттың назарында. Ал оны тыңғылықты зерттеп, зерделеу кезек күттірмейтін мәселе.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама