Хромтауда көлік ішінде 10 жасар қыз көз жұмды: оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты
Жеткіншек қыз үйдегі үш баланың кенжесі
Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Дөн ауылында көлік ішінде өртеніп кеткен 10 жастағы қыздың оқиғасына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Halyq Uni Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап.
Көліктің өртенгені туралы 101 номеріне 13 сағат 46 минутта хабарлама түскен.
Өрт орнына 13 сағат 47 минутта Хромтау ауданының №20 өрт сөндіру бөлімінен 6 адам және Хромтау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің 2 қызметкері аттанды. Өрт болған ауыл аудан орталығынан 6 шақырым жерде. Өрт сөндірушілер 10 минутта жетті, - дейді Хромтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімі.
Жалын 20 минутта толық сөндірілген.
«Өрт сөндіру барысында автокөліктің ішінен жасөспірімнің жансыз денесі анықталды», - дейді ведомстводағылар.
Жеткіншек қыз үйдегі үш баланың кенжесі.
Күнделікті көлікке кіріп-шығып ойнап жүрген бала.
Көліктің ақауы болмаған, күнделікті мініп жүрген көлік. Ата-анасы үйге кіріп кеткен. Көліктің есігі іштен де, сырттан да оңай ашылады. Көлік өртенгенде баланың ішінде болғанын ешкім білмеген, - дейді Дөн ауылының әкімдігі.
Баланың көліктен не үшін шыға алмай қалғаны құтқарушыларды да таңқалдырған. Өйткені көлік құлпы жабылып қалатындай емес, дейді олар.