Бүгінде министрліктермен келіссөз жүріп жатыр
Қазақстанда Ұлттық спорт студенттер лигасы құрылады. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында сұқбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Алдымен Исламбек Салжанов жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануына қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың еңбегін атап өтті. Сондай-ақ қауымдастық басшысы студенттер үшін арнайы лига құрылатынын жеткізді.
Тағы да ақжолтай жаңалығымыз, ұлттық спортты студенттер арасында әйгілеу мақсатында жастардың ұсынысымен «Ұлттық спорт студенттер лигасын» құру жоспарланып отыр. Бұл жоба бойынша Ғылым және жоғары білім министрімен кездесу өтіп, Туризм және спорт министрлігімен де келісім жүріп жатыр. Қазақстанда 100-ден аса университет бар. Ол жерде 500 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Осы жоба аясында жастарымызды ұлттық спортқа тарту көзделіп отыр, - деді Исламбек Салжанов.
Сондай-ақ қауымдастық президенті бүгінде тоғызқұмалақ пен садақ ату бұқаралық сипатқа ие болғанын жеткізді.
«Садақ ату федерациясы құрылғанымен, клубтық деңгейде әркім өз күнін өзі көріп келген. 2022 жылы барлық клубтың басын біріктіріп, ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сол іс-шараға 183 садақшы мерген қатысса, бүгінде садақ атумен кәсіби түрде шұғылданушылар қатары 5 мыңға жетті. Қазір садақ ату спортының дамуы, таралу көкжиегі қарқын алып келеді. Мысалы, Түркия садақшылар арасында Fetih Kupası (Жеңіс кубогі) халықаралық турнирін ұйымдастырады. 10 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан сайысқа әлемнен мыңға тарта мерген қатысады. Түрік стилімен өтетін додада садақшылар адырнасын кере жебесін алыстағы нысанаға атудан тартысқа түседі. Міне, осы айтулы додада астаналық садақшы Айкөркем Батихан чемпион атанды», - деді ол.
Исламбек Салжанов «Дәстүрлі садақ ату» республикалық федерация басшысы Айдос Мұқатаевтың жұмысына оң баға берді.
Жастарымыз алдыңғы буын ағаларына еліктеп, солар шұғылданатын спортқа үйір келетінін көріп жүрміз. Садақ атуға жастарымыздың қызығуына әлеуметтік желіні тиімді пайдаланатын Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің садақ атумен айналысатыны белгілі бір дәрежеде өз септігін тигізді, - деді қауымдастық басшысы.
Ол тоғызқұмалақ ойыны да жоғары қарқынмен дамып жатқанын атап өтті.
«Бұл бағытта тәжірибесі мол, өз ісінің маманы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтің еңбегін атап өткен жөн. Әлихан Мұхамедияұлы жүргізіп отырған жүйелі жұмысының нәтижесінде бүгінде елімізде тоғызқұмалақпен 200 мыңға жуық адам шұғылданса, 30 елде ресми өкілдіктері құрылған.
Әлемнің 50 мемлекетіне тоғызқұмалақ таралып отыр. Ал жалпы болашақта ұлттық спортымыздың Олимпиада ойындарына ұсынуға сұранып тұрған спорт түрлері бар. Бұл – «Аударыспақ» пен «Жамбы ату». Бұл шаруаны көшпелілер ойындарын аман-есен өткізіп алған соң арнайы талқылаулар өткізуге құжаттарымызды әзірлеп жатырмыз. Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкинмен жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Исламбек Салжанов.