Алматыда коммуналдық тарифтердің қымбаттауына байланысты өтемақы төлеу жалғасады
Бүгінде 140 мыңнан аса алматылық қаржылай көмек алған
Алматыда коммуналдық қызметтердің бағасы қымбаттауына байланысты халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын бөлігіне өтемақы төлеу жалғасын табады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, коммуналдық жүйелердің тозуына байланысты тарифтерді көтеру қажет. Бұл ретте қала әкімдігі халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарды әрқашан қолдап отырады.
Былтыр шілдеден бастап Ерболат Досаевтың бастамасымен тұрғындардың тоғыз осал санаты үшін төленетін өтемақы есебінен тарифтердің қымбаттауының салдарын теңестіруді көздейтін жоба қолға алынды. Сол уақыттан бері 0,8 АЕК көлемінде ай сайын төленетін әлеуметтік қаржылай көмекті 5,7 млрд теңге көлемінде 140 мыңнан астам алматылық алды, – деді Бауыржан Жаубасов.
Сонымен бірге басқарма басшысы алдағы кезеңде де коммуналдық қызметтердің құны өсе беретіндіктен, Алматы қаласы басшысының тапсырмасы бойынша ХӘОТ-тың тоғыз санатына кіретін тұрғындарға қаржылай көмек беру жалғасын табатынын жеткізді.
Қалалық мәслихаттың шешіміне қатысты тиісіт жоба қарастырылып жатыр. Ол осы жылы қыркүйек айында бекітілуге жіберіледі. Аталмыш ереже 2025 жылдың бірінші сәуіріне дейін қолданылатынын атап өткім келеді, – деді Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Айта кетсек, бүгінде мегаполисте аталмыш санатқа жататын 332 мың 885 алматылық бар. Қала әкімдігі тарапынан берілетін осы төлемді алу үшін ХӘОТ санатында тұрақты негізде болуы және қалада тұрақты тіркеуде тұруқажет. Бұған қоса аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жүгіну арқылы өтініш беріп, орган қызметкерлеріне сәйкестендіру үшін жеке куәлікті беруі қажет.
Бұған дейін аталмыш көмекті алған азаматтарға қайта рәсімдеуден өтудің қажеті жоқ екенін атап өткен жөн.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда коммуналдық тарифтер айтырлықтай қымбаттағанын хабарлаған болатынбыз. Атап айтқанда, бағалардың айлық индексі 1,1% өскен. Бір айда ақылы қызметтер 1,7%, азық-түлік тауарлары 0,8%, ал азық-түлік емес тауарлар 0,7% қымбаттады. Жылдық инфляцияның деңгейі бұдан да жоғары.