Өңір басшысы кәсіпкерлерді де марапаттады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Talpyn мүмкіндіктер алаңы» іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс-шараның мақсаты – өңірдегі жұмыссыз тұрғындарға бос жұмыс орындарын ұсыну, жастарға мамандық таңдауға көмектесу және кәсібін ашқысы келетіндерге бағыт-бағдар беру.
Оған мемлекеттік және банк қызметкерлері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты. Жиынның аясында қайтарымсыз грант иегерлерінің шеберлік сағаттары, қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылды.
Өңір басшысы кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға мемлекеттен қолдау барын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымыз әлеуметтік қолдаудың игілігін көруге тиіс екенін атап өтті. Сондықтан елімізде халықты әлеуметтік қолдау үшін бірқатар іс-шара іске асырылып жатыр. Мемлекет тарапынан түрлі несиелер мен гранттар бөлінуде. Грант алғандар бүгінде мал, құс шаруашылығын дамыту, бау-бақша салу, кондитерлік, нан өнімдерін өндіру, тігіншілік, автокөлік жөндеу, қосымша білім беру, әртүрлі қызметтер көрсету және тағы басқа салада еңбек етіп жүр», - деді Нариман Төреғалиев.
Сондай-ақ облысы әкімі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерді марапаттады.