Астанада халықаралық іздеуде болған қылмыскерлер қолға түсті
Қалада «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр
Елордада тәртіп сақшылары мемлекетаралық іздеуде болған шетелдіктерді ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, жергілікті сақшылар «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында халықаралық іздеуде болған шетел азаматтарын ұстады.
Алматы аудандық ПБ қызметкерлері автокөлік ұрлағаны үшін іздеуде жүрген Тәжікстан азаматын қолға түсірді. Ол 2023 жылы Турсунзаде қаласының Дахбед ауылында есігі жабылмаған Daewoo Tico көлігіне мас күйде отырып, ізін суытпақ болған. Алайда, тізгінге ие бола алмай, жол жиегіне соғылған. Салдарынан көлікке 6163 сомони мөлшерінде залал келтірілген, – деп толықтырды ІІМ.
Сонымен қатар Есіл ауданының полицейлері өз елінің аумағында алаяқтық жасағаны үшін 2017 жылдан бері іздеуде болған Өзбекстан азаматын ұстады. Ол жерлесіне пәтерін 7000 АҚШ долларына сатуға көмектесуге уәде берген. 5000 доллар алдын ала төлем алғаннан кейін ол ақшаны иемденіп, жоғалып кеткен.