Қазақы жылқы тұқымдарына жаңа серпін берілмек
Ұлттық кодымызды айшықтайтын ат спортын əлі де жүйелі түрде дамыту үшін заман талабына сай кезек күттірмейтін бірқатар батыл қадам жасалуы қажет. Ең алдымен ат спорты əлемінде қолтума қазақ жылқысына жол ашу. Бұл туралы Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, ат спорты Ұлттық спорт түрлерінің арасында қоғам назарын ерекше аудартып, көптің қызығушылығын арттырды. Жыл сайын кəсіби айналысатын спортшылар саны еселеніп, жанкүйерлер қатары ұлғайып келеді. Осы бағытта Қанат Көпбаев басқаратын республикалық «Бəйге» федерациясының жүйелі жұмысын тілге тиек етуге болады.
Осы орайда, ұлттық кодымызды айшықтайтын ат спортын əлі де жүйелі түрде дамыту үшін заман талабына сай кезек күттірмейтін бірқатар батыл қадам жасалуы қажет екенін, ең алдымен ат спорты əлемінде қолтума қазақ жылқысына жол ашу керек екенін ерекше атап өткен.
Қолтума қазақы жылқысына жаңа серпін беретін кез келді. Тынысы ұзақ қашықтықта ашылатын қазақы қолтума қазанаттар бəйге атаулыдан тыс қалып, əрі кетсе мініске, қала берді соғымға, ас пен тойға сойылып жатыр, – дейді Исламбек Салжанов.
Оның сөзінше, тарихи əділетсіздіктің дəмін татқан қазақы қазанаттардың тұқымы ұмыт қалып, ел жадынан алыстағаны ұлтымызға, елдігімізге сын. Сондықтан болашақта бəйге жарыстарының қашықтықтарын қайта қарау туралы ойын білдірген. Осы орайда аламан бəйгесі арқылы Адай, Қостанай, Меркі, Көшім, Найман, Əулиеата жəне Жетісу жылқы тұқымдарын ел жадында қайта жаңғыртудың мүмкіндігі бар екенін айрықша атап өткен.
Осыған қатысты бір қызық мəлімет келтіре кетейін. Жақында АҚШ Конгресінің кітапханасында 1898 жылы жарыққа шыққан А.Шахназаровтың «Очеркъ сельского хозяйство Туркестанского края» деп аталатын кітабын таптық. Аталған жəдігерде қазақтың Əулиеата, Сайрам, Қарабайыр, т.б. жылқы тұқымдары туралы кеңінен айтылған, – дейді қауымдастық басшысы.
Бір қызығы, оның айтуынша, бұл тарихи деректерді біздің кітапханалардан мүлдем кезіктіре алмаймыз. Тіпті, Жамбыл облысында Əулие ата жылқысы туралы ауыл ақсақалдарынан сұрастырғанда да олар хабарсыз болып шыққан.