×

Моңғолиядағы өмір қазақтар үшін арман болып қана қалмақ

Әрбір моңғол үйден шықпай-ақ телефоннан күреп табыс таба алады

фото: baq.kz

Сонымен өткен референдумда халық Қазақстан Конституциясына түзетулерді құптады. Ондағы ең көп талқыланған түзетулердің бірі – Ата заңның 6-бабының 3-тармағының жаңа редакциясы болатын. Оның ескі нұсқасында: "Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады" делінген. Ал жаңа нұсқасына сәйкес Ата заңда: "Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады" деп жазылды.

Каспий университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы Майдан Сүлейменовтың айтуынша, билік сонша дәріптеген бұл бап шынында халыққа ештеңе бермейді.

«Ата заңның 6-бабының 3-тармағына өзгерістерді қоғам, заңгерлер де "уралап" қабылдады. Ал менің ойымша, бұл биліктің нағыз популизмі ғана. Біріншіден, жаңа түзетулерге сәйкес, мол қазынаға, жерге халық атынан әрі қарай да мемлекет иелік ете береді. Яғни сайып келгенде, халықтың нені қалайтынын бәрібір мемлекет анықтайтын болады. Екіншіден, бұл жаңалық емес, бұрын да болған. Кеңес одағында, соның ішінде тіпті Сталиннің 1936 жылғы Конституциясында да мемлекеттік меншік "жалпыхалықтық" деп айқындалған. Ол кезде де халық ештеңені шеше алмайтын», – деді Майдан Кунтуарұлы.

Мысалы, халықтың өкілі, кез келген азамат жаңарған Ата заңда "халыққа тиесілі" деп жазылған кез келген бос жатқан жерді иеленіп, сол аумаққа мал өсірсе, не егін сала бастаса не болады? Әрине, мемлекеттің күштік құрылымдары араласады, оны "самозахват" үшін соттайды немесе ауылдардағы мыңдаған жұмыссыз азамат инвесторлар "ең нәрін" алып тастап кеткен кеніштен өз бетінше мұнай не алтын өндіре бастаса не болады? Әлгі жағдай қайталанады. Себебі бұл – кез келген өркениетті мемлекетте қабылданған тәртіп. Лицензия немесе биліктің рұқсатын алмай, жер телімін рәсімдемей, ондай кәсіпке кірісе алмайды.

Ендеше билік мақтаған бап популизм емей немене?

Академик Майдан Сүлейменов оны популизмнен арылтудың, халықты риза етудің, яғни легитимділіктің жолын ұсынды. Біріншіден, мұнайды және бірқатар өзге де шикізаттарды экспорттаудан, жер сатудан түскен табыстардан толығатын Ұлттық қордан ағымдағы шығыстар үшін бюджетке трансферт қаржы алуды тоқтату керек. Ағымдағы шығыстарға қаржы табу – Үкіметтің тікелей міндеті. Оның орнына шенеуніктер Ұлттық қорды белсенді "жеп" жатыр. Сөйтіп мұнайға тәуелділіктен құтылудың қамын жасамайды. Тіпті кино түсіруге миллиардтаған қаржыны да еш қымсынбай, қордан алады. 

«Екіншіден, Ұлттық қор қаржысын бөлудің бағдарын өзгерту керек! Оның қаражаты халықты әлеуметтік сақтандыруға, денсаулығын жақсартуға, білім мен ғылымды қолдауға, сондай-ақ халыққа тікелей дивидендтер төлеуге бағыттау қажет. Соңғы ұсынысты популистік деп күстәналауы мүмкін. Бірақ көрші Моңғолия дәл осылай өмір сұруде. Ал моңғол жері қазақ жеріне қарағанда табиғи ресурстарға кедей. Соған қарамастан, Моңғолияның әрбір тұрғыны жыл сайын белгілі бір соманы алып тұрады. Әзірге әр адамның еншісі 1 мың доллардан ғана келеді, алайда ол сома жыл сайын өсіп келеді», – деді заңгер-ғалым М.Сүлейменов.

Біз "шынымен солай ма?" деп көрші елдің тәжірибесіне үңілдік. Жергілікті басылым редакторы, экономикалық шолушы Ариунбаяр Батааның мәліметінше, биылғы жылдың басында моңғолдың жария компаниялары 2021 қаржылық жылдың қорытындысы бойынша дивидендтерді төлеп болды. Олардың акциялары халыққа үлестірілген.

Сонымен жыл қорытындысы бойынша "Тумэн Шувуут" АҚ-ы 6,9 млрд тугрик (ұлттық валюта) мөлшерінде табыс тапқан. Оның 30%-ын немесе 2 млрд тугрикті дивиденд түрінде жұртшылыққа аударған. Яғни, әр акцияға 10 тугриктен келді. "Тахько" компаниясы 1 акцияға 108 тугриктен төлепті. Ол 128,5 млн тугрикті дивидендке бағыттады.

"НБФО ЛэндМН" өзінің таза табысының 27,5%-ын немесе 1,1 млрд тугрикті дивидендке жұмсады. Оның көлемі бір жыл бұрынғыдан 2,5 есе өсті және әр акцияға 1,50 тугриктен келеді. Ұлан-Батор үй құрылысы комбинаты, "Тандем Инвест" және басқасы да акционерлері арасында дивиденд таратқандарын хабарлады. Мәселен, "УДК" директорлар кеңесі 1,3 миллиард тугрикті немесе әр акцияға 10 тугриктен бағыттаған.

Барлық дивидендтер жеке тұлғалардың есепшоттарына "Құнды қағаздардың орталық депозитарийі" арқылы 1 маусымға дейін аударылыпты.

Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда он жыл бұрын, 2022 жылғы 19 маусымда "ҚазТрансОйл" АҚ-ның акционерлері жалпы жиналыс өткізіп, 1 жай акцияға қанша дивиденд төлейтінін айқындады.

«2021 жыл қорытындысы бойынша "ҚТО" АҚ-ның таза кірісі 50 млрд 607 млн теңгені құрады. Соның ішінде дивидендтерді төлеуге 10 млрд 330,5 мың теңге сома жолданады. Таза кірістің 40 млрд 606,6 млн теңге мөлшеріндегі қалған сомасы бөлінбейді және "ҚазТрансОйл" АҚ билігіне қалдырылады. Осылайша, "ҚТО" АҚ-ның 1 жай акциясына 2021 жылғы дивиденд мөлшері 26 теңгеден болады», – деп хабарлады ҚТО.

Айта кету керек, бұл – 2012 жылы ІРО-ға шығарылып, акциялары халыққа сатылған жалғыз ұлттық компания. Дегенмен, ай-пи-о кезінде саудаланған 10% акцияларының (38 463 559) бәрі бірдей жеке тұлғаларға тимеді. 7 841 477 акцияларды, 2,04%-ын 10 жинақтаушы зейнетақы қоры иеленді (кейін біразы кері сатып алынған). Тағы 216 551 акция не 0,05%-ы маркет-мейкер меншігінде қалды. Сонда Қазақстан азаматтары тек 30 405 531 қарапайым акцияны (саудаға шығарылғанының 7,91%-ы) қанжығалай алды. Бұл 34 676 адам ғана.

Ал Моңғолияда әрбір екінші адам биржада акция немесе криптовалюта сатып алады екен. Mongolia International Capital брокері Ангараг Бьямбаджавтың айтуынша, халықтың қолында басыартық қаражат көп, себебі COVID-2019 пандемиясы кезінде Үкімет коронакүйзелістің соққысын жұмсарту үшін халыққа жаппай өтемақы таратқан. Бизнес те қуатты қолдау көрді.

Нәтижесінде, 2021 жылы Моңғолияның қор нарығы жаһандық рекорд орнатып, өсім жөнінен Еуропа, Азия және АҚШ нарықтарын басып озды. Bloomberg дерегінше, Моңғолияның 20 ірі компаниясының акцияларынан тұратын "MSE Top 20" индексі бір жылда 130%-ға артқан. Мұндай өсімді Қазақстанда тіпті заңсыз пирамидалар да бере алмайды. Моңғол индексі 2021 жылғы 10 қыркүйекте тарихи максимумге жетіп, 49 252,4 пункт белесіне дейін көтерілді. Салыстыру үшін айтсақ, алпауыт Мәскеу биржасының индексі бүгінде небары 3 600 пунктке тең.

Әрбір моңғол үйден шықпай-ақ телефоннан күреп табыс таба алады.

Бұған қоса, Montsame.gov.mn ресми порталының мәліметінше, Моңғолия Үкіметі "Эрдэнэс Монгол" холдингінің акцияларын халыққа үлестірді. Әрбір адамға 1072 акциядан келген. Тиісінше, 2019 жылдан бастап, осы елдің азаматтары жер астындағы байлықтан дивиденд ала бастады. Әрбіріне 96 480 тугриктен (15 мың теңгеден) тиіпті. Бұл тек басы ғана: компания әлемдік нарыққа шикізат экспортын күрт арттырды, ал табысы артқан сайын дивиденд те ұлғая бермек. Компанияның 85% акциясы мемлекетке тиесілі, қалғаны заңды және жеке тұлғалар иелігінде.

2019 жылы, бастапқыда акцияларды 857 491 жеке тұлға иеленіпті. Оларға 86 832 тугриктен (12 712 теңгеден) бөлінді. Қазір ұлттық компанияның акцияларына 2 512 768 адам ие. Бұл – Моңғолия халқының басым көпшілігі. Айта кету керек, 2022 жылы Моңғолия тұрғындарының саны 3,3 миллион адамды құрады. Балалардың дивидендтері балалардың жәрдемақылары түсетін шоттарға аударылған.

Алдағы жылы дивиденд ауқымы еселеп артуы мүмкін. Кеше, 2022 жылғы 8 маусымда ел Үкіметі өз отырысында "Эрдэнэс Монгол компаниясына қатысты қабылдануға тиіс бірқатар шаралар туралы" қаулыны бекітті. Құжатқа сәйкес, біріншіден, "Эрдэнэс Монгол" құрамына "Эрдэнэт", "Монголросцветмент" секілді мыс, металлургиялық, көмір өндіретін және энергетикалық топтағы мемкәсіпорындар беріледі. Екіншіден, Премьер-министр Л.Оюун-Эрдэнэ жауапты тұлғаларға аталған компаниялардың директорлар кеңесі мүшелерінің қатарын ғаламат оңтайландырып, жалпы санын 207-ден 27-ге дейін қысқартуды жүктеді. Үшіншіден, "Эрдэнэс Монгол" негізінде ұлттық әл-ауқат қоры құрылады. Тау-кен өндірісі және ауыр өнеркәсіп министрлігі "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" заң жобасын әзірлеп шықты. Министрлер кабинеті оны құптады. Енді Парламент қарауына шығарылады.

Бұл жаңалыққа моңғол жұрты қуанышы қойнына симай қуанды. Өйткені жаңа әл-ауқат қорының халықты мол табысқа кенелтетініне сенеді. Олар елдегі әрбір компанияның ісінің өрге басуын, экономиканың гүлденуінің тілеуін тілейді. Сонда оның нәтижесін қампайған өз қалтасынан анық көреді. Ал Қазақстанда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры қай қазақтың шекесін шылқытып, тұрмысын күрт жақсартты екен?

Дереккөз: Inbusiness.kz

Серіктес жаңалықтары

Сараптама