Halyq Uni логотип
×

Маңғыстау мен Атырауда емхана директорлары сотталды

Биыл әлеуметтік салада жемқорлыққа қатысты 95 қылмыстық іс тіркелді

 Динара Амантай 28.08.2024 | 12:34
Маңғыстау мен Атырауда емхана директорлары сотталды
Фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысы мен Атырау қаласында емхана директорлары сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Антикордың мәліметінше, биыл әлеуметтік салада жемқорлыққа қатысты 95 қылмыстық іс тіркеліп, 58 адам әшкереленіп, 34 адам сотталды.

Атап айтқанда, «№2 Жаңаөзен қалалық емханасы» ШЖҚ МКК директоры мен бас есепшісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар мемлекеттік сатып алу шарты аясында медициналық бұйымдардың жеткізілмегеніне қарамастан, жеке компанияның шотына 10,5 млн теңге аудару арқылы ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Соттың санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды.

Бұған қоса, биыл 26 тамызда Атырау қаласының соты №4 Атырау қалалық емханасының директоры Е. Сабировқа, шаруашылық меңгерушісі А. Әлжановаға, бас есепші М. Дүйсенғалиеваға және кәсіпкер А. Ералиеваға қатысты үкім шығарды.

Сотталушылар заңсыз жасалған шарттар шеңберінде іс жүзінде қызмет көрсетусіз кәсіпкерге 231,8 млн теңге көлемінде ақша аудару арқылы қаражат жымқырған.

Сот үкімімен оларға 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, емхана басшысы Сабиров өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Әлжанова, Дүйсенғалиева және Ералиева мемлекеттік ұйымдарда 7 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – делінген Агенттік хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама