Парламенттің бірлескен отырысы өтеді

Динара Амантай

Мәжіліс төрағасы өкімге қол қойды

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2024 жылғы 2 қыркүйекте сағат 11:00-де Астана қаласында шақырылсын, – делінген құжатта.

Айта кетсек, Парламент палаталарының бірлескен отырысын палаталардың депутаттарына алдын ала хабарлай отырып, Мәжiлiс төрағасы шақырады. Бұл ретте Мәжiлiс төрағасы Парламенттiң бірлескен отырысын шақыру туралы өкiм шығарып, оны депутаттарға хабарлайды.

Парламент палаталарының бiрлескен отырыстары кезiнде Парламент пен оның палаталары жұмыс органдарының отырыстары өткiзiлмейдi.

Парламенттің отырысы оған әр палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда құқықты болады.