Контрафактілік өнім денсаулыққа қауіпті
Шымкент қаласында қымбат арақтарды өндірген жерасты цехі табылды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қалалық әділет және полиция департаменттерінің қызметкерлері бірігіп, контрафактілік өнімдерді өндірумен айналысқан күдіктіні анықтады. Оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша іс қозғалды.
Жерасты цехын тексеру барысында спирттік ішімдіктерді құюға арналған құтыда 3 000 литр сұйықтық (шығу тегі белгісіз), сүзгі, құю жабдықтары, 720 Absolut тауар белгісі бар қақпақ және 1 400 «Зеленая марка» тауар белгісі бар қақпақ тәркіленді. Қазір әкімшілік істің материалдары сотқа жіберілді, - деді Талғат Уәли.
Әділет министрлігі қазақстандықтарды контрафактілік өнімдерді тұтынудан аулақ болуға шақырады. Олардың құрамында улы зат болуы мүмкін.