14-ғасырда Әз Жәнібек сұлтанға арнап жазылған қолжазба табылды
Аса құнды жәдігердің көшірмесі елімізге жеткізілді
1334 жылы Әз Жәнібек сұлтанға арнап жазылған 96 беттік қолжазба табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қолжазбада Әз Жәнібек ханның түпатасы Шыңғыс ханнан өз әкесі Өзбек ханға дейінгі ататегі қысқаша алтын нақышпен беріліп, негізгі мәтінде хикметтер туралы баяндалған, - деп жазылған Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қолжазбаның ішкі мұқабасында Осман сұлтаны ІІ Баязидтің (1447-1512) мөрі қойылған.
Тарихи мұраны министрліктің ұйымдастыруымен «Архив-2025» кешенді жоспары аясында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері, ғалым Өмірбек Қанай анықтады.
Қазір аса құнды қолжазбаның көшірмесі Қазақстанға жеткізіліп, әрі қарай зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр.