Қостанай облысында полицей 15 жылға сотталды
Ол арнайы атағынан айырылды
Қостанай облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында есірткі таратқан әрі лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары тергеумен анықталмаған полицейлермен бірлесіп, бір ер адамды ұрып-соғып қорқытқан. Ондағы мақсат – ол тағы бір адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқызу үшін аса ауыр қылмыс жасауға итермелеуі керек.
Сотталушы бірнеше рет қызметтік көлігінде тергеу аясында қылмыскер болып көрінген адамға аса ірі көлемде психотроптық заттар мен олардың аналогтарын сатқан. Тексеру барысында оның автокөлігінің салонынан аса ірі көлемде гашиш пен меткатинон (психотроптық заттың аналогы) табылып, тәркіленді, – делінген іс материалдарында.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады, ал қорғаушылары оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Алайда, сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен бейнематериалдарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Сотталушының жеке басын, іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сондай-ақ ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің нормаларын қолдана отырып, сотталушыға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді, – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ, ол «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.