Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде диспетчер кісі қолынан өлген әйелдің көмек сұрағанына мән бермеген

Айыпталушы моральдық және материалдық өтемақы төледі

 Халық үні 27.08.2024 | 21:57
Ақтөбеде диспетчер кісі қолынан өлген әйелдің көмек сұрағанына мән бермеген
фото: firedepartment.org

Ақтөбеде өлім алдында әйел жедел құтқару қызметіне қоңырау шалып, көмек сұраған. Алайда қызметкер оның сөзіне немқұрайлы қарап, мән бермеген. Енді ол осы үшін сотқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Айта кетсек, 9 маусымда 55 жастағы әйел көлігін сату үшін көлік базарына шығып, жоғалып кеткен. Содан оның туыстары полицияға хабарласқан. Сөйтсе, көлігін қарауға келген адам оны тұншықтырып өлтіріп, денесін қала сыртына тастап, көлігін гаражға тығып қойған. 

Бұл ретте әйел өлім алдында 911 нөміріне хабарласып, «Мені өлтіріп жатыр!» деп айтып үлгерген. Алайда диспетчер оған немқұрайлылық танытыпты. Айтуынша, ол арада тұрмыстық жанжал болып жатыр деп ойлапты. Енді сол кінәсін мойындап, марқұмның жақындарынан кешірім сұрап отыр. 

«Мені өлтіріп жатыр» деп айқайлағанын естімедім. Тек шыңғырған және айқалаған дауыстарды естіп, оны отбасылық жанжал деп ойладым. Сол күні өте көп қоңыраулар келіп жатты. Бәрі бір уақытта келді. Егер оның даусын естігенде, полиция мен мен жедел жәрдемді жіберер едім. Кешірім сұраймын, мен қателік жібердім, – деді айыпталушы.

Прокурор айыпталушының салғырттығынан өлім болды дейді. Ол жерде марқұм әзілдеп тұрмағанын және көмекке мұқтаж екенін айтқан. 

Бұл – өз жұмысына немқұрайлылық таныту. «Мен оның даусын естімедім» дейді. Қалай естімеуге болады, ол шыңғырып жатыр ғой?! Оны естімеу мүмкін емес еді, – деді марқұмның әпкесі Мадина Дүкенбаева.

Десе де ол диспетчерге кешірім беруге дайын екенін айтты. Айыпталушы моральдық және материалдық өтемақы төледі. Бірақ ол сонда да 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама