«Не молчи KZ» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі ауруханаға жеткізілді
Қор өкілдері көпшіліктен оның еміне және жол шығындарына қаражат сұрап отыр
«Не молчи KZ» қоры Дина Таңсәрінің кейінгі 20 күнде екі рет жүрек талмасы ұстағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Динаны жүрек талмасымен дәл қазір ауруханаға апара жатыр. Кейінгі 20 күнде Динада екі рет жүрек талмасы ұстады: 9 тамызда және 25 тамызда тағы қайталанды. Қыздың ісіне және қорға түскен жүктемеге байланысты, лас әңгімелер мен айыптаулар өте көп. Бірақ осы жолы жүрек талмасы тура бір сағатқа созылды. Қаладан дәрігер таппай, қаржылай мүмкіндігіміз болмағандықтан ем ала алмадық. Ауруды үйде басуға тура келді. Жедел жәрдем қымбат әрі босқа шақыратын едік, – деді қор өкілдері.
24 тамызда Дина терапевттің қабылдауында болған. Дәрігер ЭКГ-дан жүрек ақауларын анықтаған. Алайда басқа кардиологтардың болмауына байланысты, келесі қаралуға қыркүйектің ортасына ғана жазылуға тура келген. Бірақ 25 тамызда жүрек талмасы ұстағандықтан, қыркүйекке дейін күту қауіпті деп шешкен.
Бүгін денсаулығы нашарлап кетіп, басқа қалаға баруға тура келді. Себебі Черногорияда мамандар тым аз. Көбі еңбек демалысында екен. Сондықтан кардиологты басқа қаладан таптық, – деп жазды қор өкілдері.
Сондай-ақ олар Динаның еміне және жол шығындарына қаражат жетпейтінін айтты.
Таксиге, дәрігерлерді қабылдауына, тексеруге, анализдерге, УДЗ мен жүректің ЭКГ-сына, ауруханаға жатқызу үшін қаражат жеткіліксіз. Қолдау білдірген барша жанға рахмет! – деді қордың баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін ол өзінің атынан бір жылда 20-дан аса қылмыстық іс қозғалып, қайта жабылғанын жария етті. Бұл істердің заңсыз жүріп жатқанын айтқан Дина үндемей отырудан шаршағанын жеткізді.