Мекеме меңгерушісі жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында балабақшалардың бірінде қауіпті заттар балаларға қолжетімді жерде сақталған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Самар ауданы прокуратурасының мәліметінше, «Дәншік» балабақшасында санитарлық ережелер өрескел бұзылған. Тексеру барысында құрамында сынап бар 22 дана шамның балаларға қолжетімді жерде сақталуы, олардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіргенін көрсетті.
Люминесцентті шамның құрамында 3-5 миллиграмм сынап бар және олардың дұрыс сақтамауы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Қолданыстағы талаптарға қарамастан, балабақша әкімшілігі бұл қауіпті заттарды әкету мен жоюға әрекеттер жасамады. Аудан прокуратурасының қадағалау актісі негізінде қауіпті материалдарды әкету бойынша мамандандырылған ұйыммен шарт жасасып, оларды жою шаралары басталды, – делінген хабарламада.
Кінәлілер, оның ішінде балабақша меңгерушісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.