Әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік ұйымдардың басшылары ротацияланады
Ауысу бір елді мекен шегінде 2 не одан да көп ұйым болған жағдайда іске асырылады
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау жүргізілетін болады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, ротация бір елді мекен шегінде екі және одан да көп ұйым болған жағдайда іске асырылады.
АӘҚ ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялаудың мақсаты – олардың кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
Қайта ұйымдастыруға (бірігуге, бөлуге, шығаруға, қайта құруға), ұйымның атауын өзгертуге, сондай-ақ жұмыстан босату және сол ұйымға басшы лауазымына оралу кезеңіне қарамастан, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын 5 жылдан астам басқарып келе жатқан ұйымдардың басшылары үшін ротация міндетті болады, – делінген министрлік хабарламасында.
Ұйымдардың басшылары арасында ротация жүргізу туралы және белгілі бір негіздер бойынша бас тарту туралы шешімді халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның, АӘҚ көрсету орталықтарының, әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктердің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің қоғамдық кеңесінің өкілдерінен тұратын комиссия қабылдайды.
Ұйым басшылары арасында ротация жүргізуден бас тарту үшін: мүгедектігі бар балаларының, асырауындағы қарт ата-аналарының; олармен тұрақты тұратын бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің болуы; зейнеткерлік жасқа кемінде екі жылдан аз уақыттың қалуы негіз болады.