Бұл дертке шалдыққан адамның алдымен терісінде бөртпелер пайда болады
Қызылорда облысында дерматомикоз кеселі өршіп барады. Бұл паразитарлық ауру қараусыз жүрген ит-мысықтардан жұғады. Жыл басынан бері өңірде 100-ден астам тұрғын осы кеселге шалдыққан, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Бір қынжылтарлығы, жұқпалы аурудың тырнағына іліккендердің дені 14 жасқа дейінгі балалар. Өйткені олар қараусыз жануарларға үйір. Осы мәселеге байланысты жергілікті санитарлық-эпидемиолог мамандар дабыл қағуда. Паразитарлық дертке шалдыққандардың қатары бұлай көбейе берсе, ахуалды ретке келтіру қиынға соғады, дейді олар.
«Бізді алаңдатып отырғаны, бұл ауруға шалдыққандардың 48,7 пайызы мектеп оқушылары. Сондай-ақ, балабақшадағы балғындардың арасында да жиі тіркелуде. Дерматомикоз дерті көп жағдайда қараусыз ит-мысықтардан жұғады. Қызылорда қаласы бойынша әсіресе Шанхай шағын ауданы мен Тасбөгет кентінде көп тіркеліп жатыр», - дейді Қызылорда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жанат Ысқақова.
Бұл дертке шалдыққан адамның алдымен терісінде бөртпелер пайда болады. Сонан соң тырнақтың сынып, шаштың түсуіне алып келеді екен. Тіпті, ми жасушасына да кері әсерін тигізуі мүмкін, дейді мамандар.
Соңғы уақытта облыс орталығында қараусыз ит-мысықатр шеттен тыс көбейіп кеткен. Бұған қала тұрғындары наразы.
«Баламызды сабаққа жіберудің өзіне қорқатын болдық. Көшеде бұралқы ит көбейіп кетті. Әсіресе, кешке қарай кішкентайлар түгіл өзіміз де жүре алмай қаламыз. Бұрынғыдай қараусыз иттерді аластатып отса екен», - дейді қала тұрғыны Нағима Алтынбекова.
Қала тұрғындары «көшемізді қараусыз ит-мысықтан тазартсын» деп талап қойғандарымен жергілікті билік мұны орындауға қауқарсыз.
Өйткені, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес бүгінде қаңғыбас иттерді аулау және жою жұмыстары тоқтатылған. Сол себепті мамандар көше кезіп жүрген жануарларға жоламау керек деп отыр.
Айта кетейік, дерматомикоз күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар арқылы, ауру адаммен байланыс орнатқанда да жұғады.
Елжас ӘБДІЛДА