Президент жоғары білікті мамандарсыз іс өнбейтінін айтты
Олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ойындардың жүлдегерлерімен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.
Президент жас спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру өте маңызды деп санайды.
Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек. Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыстарда әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеп, заманауи әдістемелер негізінде бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Спортшыларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге федерациялар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанына жиі шағым түседі. Бүкіл әлем спорт медицинасы кәсіби даярлықтың ажырамас бөлігі екенін мойындап отыр. Бұл – жоғары технологиялық сала. Инновациясыз, озық ғылыми ізденіссіз және жоғары білікті мамандарсыз іс өнбейді. Мемлекет қажет ресурсты бөліп отыр. Демеушілерден де қыруар қаржы түседі. Федерациялар соны мақсатқа сай жұмсауға тиіс. Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.