×

Биыл 100-ге жуық полицей жемқорлығы үшін сотталды

Жеті ай ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталған 2-ақ адам ақталған

 Динара Амантай 27.08.2024 | 12:40
Фото: Halyq Uni

Биылғы қаңтар-шілде аралығында сот үкімдерімен сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер бойынша 95 полицей кінәлі деп табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, 80% жағдайда айыптау үкімдері ҚР ҚК-нің «Пара алу» (47 адам) және «Алаяқтық» (27 адам) баптары бойынша шығарылған.

Сәйкесінше, сотталған полиция қызметкерлерінің әрекеттері басқаша жіктелген жағдайлар өте сирек болды:

  • пара беру – 7 адам;
  • парақорлыққа делдал болу – 5 адам;
  • құзыреттілікті асыра пайдалану – 4 адам;
  • қызметтегі әрекетсіздік – 3 адам;
  • өкілеттікті асыра пайдалану – 2 адам.

Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық істері бойынша барлығы 557 адам, оның ішінде полицейлер де сотталған. Олардың 182-сі бас бостандығынан айырылып (50% жағдайда бес жылдан аспайтын мерзімге), 247-сі айыппұл төлеуге міндеттелді (жалпы сомасы 3,4 млрд теңге), – делінген хабарламада.

Айта кетсек, сот үкімі бойынша сотталғандардың 56-сы немесе жалпы санының 10%-ы жазаға тартылмаған.

Сондай-ақ, жеті ай ішінде сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталғандарды тек екі рет ақтаған, екеуінде де полиция қызметкерлеріне қатысты болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама