Билет құны 300 мың теңгеден асады
Air Astana әуекомпаниясы Шымкенттен Жидда қаласына тұрақты тікелей рейстерді орындайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, жаңа тұрақты рейс 2024 жылғы 1-28 қазан аралығында Алматы-Жидда әуе қатынасына қосымша аптасына 2 рет орындалады. 28 қазаннан бастап Шымкент-Жидда жиілігі аптасына 1 рет орындалатын Шымкент-Мәдина бағытына ауыстырылады. Сондай-ақ, 29 қазаннан бастап Алматы-Мәдина бағытында аптасына 2 рет тікелей рейс іске қосылады.
Рейстердің бәрі бизнес-кластағы 16 орны және эконом-кластағы 150 орны бар Airbus A321LR әуе кемесімен орындалады.
Шымкент-Жидда және Шымкент-Мәдина рейстерінің ұшу ұзақтығы – 5 сағат 35 минут, Алматы-Медина – 6 сағат 10 минут. Шымкент-Жидда бағыты бойынша барлық алымдармен екі жаққа да әуебилеттердің ең төменгі құны 301 208 теңгеден, Алматы-Мәдина 336 882 теңгеден, Шымкент-Мәдина 308 050 теңгеден басталады, – делінген компания хабарламасында.
Қазақстан азаматтары Сауд Арабиясына сапар алдында электрондық виза алуы қажет.
Айта кетсек, Жидда – Сауд Арабиясындағы көлемі жағынан екінші қала және оның экономикалық астанасы. Жидда көрікті жерлерге, соның ішінде король Факх субұрқағына, ескі Әл-Балад қаласына, қызықты базарлар мен Қызыл теңіз жағажайларына бай. Жидда Мекке қаласынан жүрдек пойызбен бір сағат қашықтықта орналасқан.