«Кредит кешірілсін». Министрліктер үйінің алдында түнеп жатқан маңғыстаулықтардың қатары тағы көбеймек

Айнұр Шошаева

Маңғыстауда 189 адам алаяқтардың құрбаны болды

фото: Halyq Uni

Алаяқтардың құрбаны болғанын айтқан Маңғыстау облысының бір топ тұрғыны елордада наразылық акциясын өткізіп жатыр. Олар төрт күн бойы министрліктер үйінің алдындағы көпірдің астында тұрып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Олардың айтуынша, алаяқтарға алданып, кредитке автокөлік алған. Алданғандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен, жалақысы аз немесе жұмыссыз азаматтар.

«Бізге 200 мың теңгеден ақша беріп, атымыздан екі-үш айға кредитке көлік ала тұруды, ай сайын ақшасын өздері төлеп тұратынын айтты. Ақтаудағы «Ясира» деген автосервиске барып, сол жерде кредит рәсімдеген адам болды. Біздің табысымызды есептеп, жұмыс орнынан анықтама сұрамастан әп-сәтте кредит рәсімдеді. Келіскен 200 мың теңгені қолымызға беріп, бастапқы екі айда несиені төлеп тұрды», - дейді Маңғыстау облысының тұрғыны Сәбит Чанбаев.

Бұған қоса, алаяқтар кредитке алынған көлікті авто-орталық өзі сатып, қарызды жабады деп сендірген. 

«Ақтау қаласында «Ясира моторс» автосервисінде табысы аз азаматтарға қымбат көлікті несиеге рәсімдеп, кейін біреулерге сатып жіберген. Заңды некедегі азаматтарды азаматтық некеде деп көрсеткен. Кейбір азаматтар тіпті несие рәсімдеу кезінде қол қоймаған, банктен шыққан соң автоцонға барып, нөмір алмағандар бар. Кейбір көлікті 2-3 айдан соң басқа адамдарға сатып жіберген. Қазір кредит менің атымда, бірақ көлік жоқ», - деп қосты ол.

Сонымен бірге ол алданған азаматтар банкке ай сайын 336 мың теңгеден төлейтінін айтып отыр.

«Қазір арыз жазғандардың ішінде ең аз дегені 336 мың теңге кредит төлеп отыр. Кейбіреулердің ай сайынғы төлемі 700 мыңға дейін барады. Несие рәсімдегендердің ішінде айлығы 100 мыңға жетпейтіндері де бар. Соларға 2020 жылы шыққан Toyota Camry (70) рәсімдеп берген. 100 мыңға жетпейтін айлықпен ондай көлікті кредитке алу мүмкін бе? Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ деп ойлаймын. Құзырлы органдарға шағымдандық. Ешқандай нәтиже болмаған соң, Ақтаудан астанаға келуге мәжбүр болдық. 4 маусым күні келдік, содан бері осы министрліктер үйінің алдындағы көпірдің астында жатырмыз», - деді Чанбаев.

Алданған азаматтардың бірі Нұрсұлу Қуатова. Ол Қазақстанға төрт жыл бұрын Түрікменстаннан көшіп келген. Еден жуушы болып жұмыс істейтін әйелдің айлығы 60 мың теңге, оның атына 20 млн теңгенің көлігін рәсімдеген.

«Бір танысым 2-3 айға кредит рәсімдеп ақша табуға болады деді. Бауыржан деген жігітпен таныстырды. Ол «апа, арқайым бола бер. Біз ай сайын өзіміз төлеп тұрамыз. Екі ай атыңда тұрсын, сосын шығарамыз» деді. Айлығымды да есептеген жоқ, одобрение берді. Қандай көлік екенін де білмеймін, көрген емеспін. Менің шотыма бастапқы жарна ретінде 4,5 млн теңгені өздері аударды. Айы сайын 341 мың теңгеден төлейтін етіп, 5 жылға рәсімдеді. Сәуірге дейін төлеп тұрды, кейін жоғалып кетті. Қазір 800 мың теңге просрочкаға шықтым», - дейді Нұрсұлу Қуатова.

Атына Toyota Camry (50) көлігін рәсімдеген Ақылбек Қонақберген бүгінде айлығын ала алмай жүргенін айтты.

«Бұл - банктің өзі істеп жатқаны. Қазір арзанға алып, ертең доллар көтерілгенде қымбатқа сатады. Тек атына қойып берсең болды, екі айда жауып тастаймыз, сенің несие тарихын жөнделеді деді. Қалай алданғанымды білмедім. Атыма Toyota Camry (50) рәсімдеді. Осы жағдайдан соң отбасымызда жанжал болып жатыр. Айлығымызды ала алмай отырмыз. Қаншама адам жұмыстан шығып кетті. Наразы топ Ақтауда әкімдіктің алдында жатыр. 5-6 адам жиналып, әділдік сұрап астанаға келдік», - дейді Ақылбек.   

Наразы топ «алған кредиті» кешілісін деген талап қойып отыр.

«Біздің талабымыз осы істі бақылауға алынсын дейміз. Алаяқтар жазалануы керек. Сондай-ақ атымыздағы кредит кешірілсін. Кешіре алмайды екен, ол көліктерді тауып берсін. Бізге машина керек жоқ, басымызға бұғау болған кредит жабылса екен. Бір отбасының мүшелеріне 5 көлікке дейін рәсімдеген. Барлығы ақшаға мұқтаж, жұмыссыз, асыраушысы жоқтар бар. Просрочкаға шықтық. Бір тиын да төлемейміз. Өйткені төлейтін ақшамыз жоқ. Жақын күндері Маңғыстаудан тағы 10 шақты адам келейін деп жатыр. Аштық жариялап, көшегу шығу қалды», - дейді маңғыстаулық Бақтыгүл Ғалиева.

Halyq Uni осы мәселеге қатысты Маңғыстау облысының полиция департаментіне хабарласты. Департаменттің баспасөз қызметі бұл оқиғаны растады.

«Бір топ алаяқ өңір тұрғындарының сеніміне кіріп автокөліктерді Ақтау қаласында орналасқан екінші деңгейлі банктердің филиалдары («Каспий банк», «Сбербанк», «Евразиялық банк», «Банк центр кредит») арқылы орта есеппен 200-ден 500 мың теңге аралығында ақшалай сыйақы ұсына отырып, олардың атына автокредит рәсімдеп, оны қысқа мерзімде өтеуге уәде берген. Бұл ретте алаяқтардың құрбаны автокөлікті алаяққа өз еркімен тапсырады, ал ол бастапқы жарнаны және кредит бойынша ай сайынғы төлемдерді төлеп, одан әрі заңсыз жолмен иемденген көліктерді 3-ші тұлғаларға төмен бағамен сатып отырған», - деді департаменттегілер.

Сондай-ақ ведомство полицияға 189 жәбірленуші шағымданғанын мәлімдеді.

Автокөліктерді қайта рәсімдеуге жол бермеу мақсатында, барлық автокөлік VIN-код арқылы ІІМ-нің жүйесіне «Криминалдық автокөлік» санаты бойынша есепке қойылды. Нәтижесінде 16 автокөлік Ақтау қаласының айып тұрағына қойылды. Қалған автокөліктерді табу мақсатында іздестіру жүргізіліп жатыр, - деп қосты баспасөз қызметінде.

Қазіргі уақытта 3 күдікті қамауға алынды. Тағы бір бір күдіктіге іздеу жарияланған.