Halyq Uni логотип
×

«Күшік күйеу»: былтыр елімізде 200-ге жуық ер адам әйелінің тегін алған

Елімізде 2023 жылы 121 мыңға жуық неке тіркелген

 Халық үні 26.08.2024 | 19:40
«Күшік күйеу»: былтыр елімізде 200-ге жуық ер адам әйелінің тегін алған
Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында  биыл жеті адам әйелінің тегіне өткен, соның үшеуі – ауыл тұрғыны. Айыртау ауданында екі ер адам және Қызылжар ауданының тұрғыны зайыбының тегіне таңдау жасаған, деп хабарлайды HalyqUni Kazinform-ға сілтеме жасап.

Елімізде 16 жасқа толған әр адам атын, әкесінің атын және тегін өзгертуге құқылы. Заңнамада қай кезде өзгертуге болатындығы да көрсетілген. Мәселен: өз аты, әкесінің аты немесе тегі ыңғайсыздық тудырса, айтылуы қиын болса, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу кезінде ерлі-зайыпты ортақ тегі болуды қаласа – өзгерте алады. Әйелінің үйінде тұруды оғашсынып, «күшік күйеу» атанудан қашатын қазақ қоғамы үшін бұл жат болғанымен, былтыр елімізде 200-ге жуық ер адам зайыбының тегін алған.

Азаматтық хал актілерін тіркеу органы былтырғы 1 шілдеден бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ қарайды. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің мәліметінше, осы аралықта СҚО-да 3400-ге жуық неке тіркелген, ал жыл басынан 1775 жұп шаңырақ құрды. Некеге отырғандардың 354-і – жасы қырықтан асқандар, 127-сі – 50-ден асса, 60-тан асқан 71 жұп некелерін заңдастырған.

Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының мәліметінше, биыл шаңырақ көтерген ең ересек күйеу жігіттің жасы 63-те болса, оның қалыңдығы 60-қа толған. Неке Ақжар ауданында тіркелді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жалпы елімізде былтыр 121 мыңға жуық неке тіркелген. Бұл 2022 жылдан шамамен 8 мыңға кем. Үйлену көрсеткішінен 13 074 санымен Алматы қаласы бірінші орында тұр. Одан кейін 10 392 санымен Астана қаласы және 10 087 көрсеткішімен Алматы облысы келеді.

Ажырасулар бойынша, Алматы қаласы көш бастап тұр. Былтыр мұнда 4761 жұптың шаңырағы шайқалған, Қарағанды облысында – 3475, Астана қаласында 3389 жұп ажырасып кеткен. СҚО-да былтыр 1472 ерлі-зайыпты ажырасуға өтініш берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама