Halyq Uni логотип
×

Бірнеше айдың ішінде мектептерде 1 млрд теңгеден астам қаржы ұрланған

Қаржы министрлігі қылмыстық схеманың көп тараған әдісін атады

 Динара Амантай 26.08.2024 | 17:37
Бірнеше айдың ішінде мектептерде 1 млрд теңгеден астам қаржы ұрланған
Фото: Halyq Uni

Бірнеше айдың ішінде 36 білім беру ұйымында 1 млрд теңгеден астам сомаға ұрлық жасау фактілері анықталған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қаржы министрлігі ақша ұрлаудың көп тараған әдісін атады: қосарлы (екі түрлі) есепке алу мен еңбекақыны асыра бағалау.

 №48 Ақтөбе орта мектебінің құжаттарында есепшінің жалақысы жылына 700 мың теңгеден сәл артық болғаны жазылса, іс жүзінде оның картадағы шотына ай сайын шамамен 3-5 млн теңгеге дейін аударылып келген, – делінген хабарламада.

Екінші кең таралған алаяқтық – жалған қызметкерлерге ақша аудару. Құжаттар бойынша жалақы бірқатар адамға жіберіледі. Ал, шындығында оны басқа тұлғалар кәдеге жаратып отырған.

Қарағандының №33 балабақша кешен-мектебінде ондаған қызметкерге қаражат аударылғанмен, тиісті ақшаны екі есепші карталарына аударту арқылы иемденіп келген. Келтірілген шығын мөлшері – 207,4 млн теңге, – делінген хабарламада.

Үшінші заңсыз амал – бюджет қаражатын әдеттен тыс жоғары мөлшердегі сомамен аудартуды қайталау.

Петропавл қаласының №42 орта мектебінің бас есепшісі мен информатика пәнінің мұғалімі 2023 жылы айына 3 реттен артық жалақы алып отырғаны әшкере болды. Бұдан келген шығын көлемі – 69 млн теңге, – делінген ақпаратта.

Министрлік мемлекеттен бөлінетін қаражатты басқару саласындағы ашықтық пен айқындылықты арттыру, сондай-ақ аудитті күшейту, қаржылық есептіліктің неғұрлым қатаң және тиімді жүйелерін енгізу мемлекеттік бағдарламаларды жақсартып, әлеуметтік салаға арналған инвестицияларды ұлғайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама