«Стереотипті бұзу керек»: Бұрынғы әскерилер азаматтық өмірге қалай бейімделіп жатыр

Халық үні

Бизнесмендер мен экс-әскерилер табысқа жету жолын талқылады

Фото: Halyq Uni

Күштік құрылымдардың қызметкерлеріне саладан кеткен соң бірден азаматтық өмірге бейімделуі қиын. Астанада өткен азаматтық өмірде табысқа жеткен әскерилердің форумында бұрынғы әскерилер мен бизнесмендер  табысқа жетудің жолдарын талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

«neSPI» қоры ұйымдастырған форумда күштік құрылымдардан кеткен мамандарға жұмыс табудың қиындығы, жаңа ортаға бейімделу мен жаңа дағдыларды үйренудің маңызы туралы айтылды. Аталған қор жарты жыл бойы қаржылық сауат туралы тренингтер, оқыту семинарлары мен психологиялық консультациялар өткізу арқылы бұрынғы әскери қызметкерлерді әлеуметтік бейімдеуге көмек көрсетіп келеді. Жобаның негізін қалаушы, Қорғаныс министрлігінің запастағы полковнигі Рүстем Жантенов олардың басты мақсаты бұрынғы әскери қызметкерлерді жұмысқа орналастыру емес, қолдау көрсету екенін атап өтті.

Бұл коуч, психолог, кәсіптік бағдар берушілермен, бизнес-тренерлермен жұмыс, өйткені көптеген адам күштік құрылымдардан кеткен кезде міндетті түрде біреудің қол астына жұмысқа бара бермейді. Олар өз бизнесін ашқысы келеді, бірақ қаржылық білімі жоқ. Қаржылық білім алу үшін ақша керек. Тәлімгерлерге барса да, мәселе қаржыға тіреледі. Тіпті, тәлімгерлердің барлығы қажетті білімді бере бермейді. Сондықтан біздің ұйым тәлімгерлері мен қорға жүгінген азаматтарға тегін білім беретін оқу ұйымдарына жүгіндік, - деді ол.

Жарты жылда «neSPI» ұйымының көмегіне жүгініп, оқудан өткен 5 бұрынғы әскери жұмысқа орналасқан. Ұйым жетекшісі қалған қызметкерлер сынақ мерзімінде жүргенін айтты.

Өйткені әскерилердің бәрінде азаматтық өмірге қажет білім бар деуге келмейді. Мысалы мамандардың кейбірі жұмыс тапқанымен Excel-де жұмыс істеу білмейді немесе цифрлық сауаттылықты үйренуі керек.  Яғни, біз де осыларды үйретеміз. Бейімделу мен тренингтерден өткен соң олар әртүрлі салаларға жұмысқа орналасады. Біз әскери адамдар күзетшілер, такси жүргізушілері деген стереотипті алып тастағымыз келеді. Жоқ, әскери адам тәртіпті, жауапты, ұқыпты, еңбекқор, ең бастысы лайықты, бұл кез келген ұйымда жақсы кадр, - деді Рүстем Жантенов.

Бүгінгі күні қордың командасында 300-ден астам адам тіркелген, олардың ішінде тек жұмыс іздеушілер ғана емес, сонымен қатар коучтар, кәсіптік бағдар берушілер, психологтар, HR-қызметкерлер, заңгерлер және өтеусіз негізде жұмыс істейтін пиар-менеджерлер, қаржыгерлер де бар. Қазір ұйымға түрлі отандық компаниялардан 80 жұмыс орны бойынша ұсыныс түскен.