Halyq Uni логотип
×

Мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы автоматтандырылды

Ол Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграцияланған

 Динара Амантай 26.08.2024 | 12:49
Мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы автоматтандырылды
Фото: Halyq Uni

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасын автоматтандырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ведомство өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, бұл карта балалардың дамуын бақылауға және олардың бойында дағдылардың қаншалықты қалыптасқанын бағалауға мүмкіндік береді.

Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры атап өткендей, аталмыш карта бастауыш сынып педагогтері үшін балалардың мектеп бағдарламасын одан әрі меңгеруінде маңызды құрал болмақ. Карта цифрлық форматқа ауыстырылып, Ұлттық білім беру деректер базасымен интеграцияланған. Осыған байланысты мектептерге ақпаратты беруде мектепке дейінгі және бастауыш білім беру арасындағы үздіксіз байланыс қамтамасыз етіледі.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың даму картасы бізге әр баланың қажеттіліктерін тереңірек түсінуге және оны мектепте сәтті білім алуға дайындауға мүмкіндік береді. Картада дамудың барлық маңызды аспектілері көрсетілген: физикалық жағдайы, Типтік оқу бағдарламасын меңгеру барысында қалыптасатын коммуникативтік, танымдық, зияткерлік, шығармашылық, зерттеушілік және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары. Мұндай жүйелі тәсіл сапалы білім беруді қамтамасыз етеді және балалардың бастауыш мектепте сәтті бейімделуіне ықпал етеді, – деді Манар Адамова.

Айта кетсек, елімізде 2-6 жас аралығындағы шамамен 1 млн баланы қамтитын 11,5 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама