Министр Жаслан Мәдиев Францияда ұсталған Павел Дуровқа қолдау білдірді

Қымбат Елтайқызы

Ол миллиардер кәсіпкердің Қазақстанға қандай көмек көрсеткенін тізіп берді

фото: Telegram

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Францияда бірқатар қылмысқа қатысы бар деген күдікпен құрықталған Павел Дуровқа қолдау білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Мен Павел Дуровқа және Telegram командасына соңғы оқиғаларға байланысты қолдауымды білдіргім келеді. Сенбі күні Павелдің француз билігімен контент модерациясының жоқтығы және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықтан бас тартқаны үшін ұсталғаны хабарланды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі атынан Telegram командасымен өзара әрекеттесудің оң тәжірибесі қалыптасқанын атап өткім келеді. Біз дербес деректердің таралуын, есірткі трафигімен күрес және мессенджердегі басқа да заңсыз әрекеттерді тоқтату бойынша мәселелерді бірнеше рет сәтті әрі жедел шештік. Telegram командасы әрдайым азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа дайын, құпиялылық пен сөз бостандығын қорғау қағидаттарына адал болып келеді.

Қазақстанда Telegram – ең танымал мессенджер, оны 12 миллионнан астам адам пайдаланады, бұл оның қоғамымыз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз цифрлық кеңістікте қауіпсіздік пен еркіндік арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын түсінеміз және Telegram-мен конструктивті ынтымақтастықты жалғастыруға дайынбыз», – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парағында.

Сонымен қатар, ол Павел Дуров Қазақстанға өткен сапарында қазақстандық ауыл балаларына қолдау көрсетуге бағытталған IQanat жобасының қамқоршыларының бірі болып, $365 000 сомасына 12 грант бөлгенін еске салды. Дуров тек қаржы бөлумен шектелмей, оқу процесін зерттеуге, балаларды іріктеуге, олардың өмірбаяны мен мектептегі үлгерімін зерделеуге тікелей қатысыпты.

Мен Павелдің командасына балалардың дамуына шын көңілмен қызығушылық танытып, жанашырлық танытқаны үшін ризамын. Аталған жағдайдың тезірек шешілуіне үміттенеміз, –  деп түйіндеді Мәдиев.

Бұған дейін Павел Дуровтың бірқатар қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Францияда ұсталғаны жайлы хабарлаған едік. Сондай-ақ, Павел Дуров Қазақстанға сапарынан кейін жазба жариялаған болатын.