Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде аптап ыстықтан бұзылған Қызылорда – Шымкент тас жолының видеосы шықты. Ол Instagram-дағы kris.p.taraz парақшасында жарияланды.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ түсініктеме берді.
Ұлттық компанияның мәліметіне қарағанда, бұл жағдай 8 маусымда Түркістан облысы Төрткөл кенті аумағындағы Самара – Шымкент тас жолының Қызылорда –Шымкент ақылы учаскесінде болған.
Облыста ауа температурасының жоғары болуына орай (+40-45 С) цемент-бетон плитасы көтерілді. Қазір «ШымкентДорСтрой» ЖШС мердігер ұйымы қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады.
Сонымен бірге компания жол жөндеуге 10 жол қызметкері және 5 бірлік арнайы техника (3 самосвал, 1 тиегіш, 1 гидромолот) жұмылдырылып, қажетті жол белгілері орнатылғанын атап өтті.
Қазір жергілікті полиция патрульдеу жұмыстарын атқарып жатыр.
Видео Instagram-да жарияланғанда оған пікір қалдырған адамдар наразылықтарын білдірген.
«Мүйіз шығады, күте тұрыңдар», «Ақылы жолымыз осы ма?!», «Шыңғыс хан шығып келе жатқан шығар астынан», – деп жазған.