Жедел жәрдем қызметінің жағдайын көруге облыстық мәслихат депутаттары да, осы саланың басшылары да келген
Алматы облысы Талғар ауданында жедел жәрдем қызметінің ғимараты жоқ. 200-ге жуық қызметкер балабақшаны паналап отыр. Ақ халаттылардың жағдайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Талғар аудандық жедел жәрдем қызметі бұған дейін аудандық аурухана ғимаратында қызмет көрсеткен. Бірақ ол жерден жұқпалы аурулар бөлімі ашылатындықтан жедел жәрдемге ғимаратты босатуға тура келген.
Аудандық аурухана ғимарат тапқанша тұра тұруға рұқсат берді. Көп ғимаратты қарап көрдік, бірінің ауласы тар, бірінің құрылысы бітпей қалған, жалпы бізге ыңғайсыз болды. Сосын осы балабақша ғимаратын таңдадық. Ішіндегі ең жібі түзу ғимарат осы болды, - дейді 17-ші қосалқы жедел жәрдем станциясы Талғар ауданы бойынша бөлім меңгерушісі Жанболат Икрам.
Балабақшаны паналағандарына 2 ай болған аудандық жедел жәрдем қызметінің жағдайын көруге облыстық мәслихат депутаттары да, осы саланың басшылары да келген. Олар жағдайды жақсартамыз деп кеткен.
Ғимарат жоқ дегені болмаса, біздің басшылық көліктің жөндеу жұмысы, дәрі-дәрмек, басқа да қажетті құрал-жабдықпен дереу қамтамасыз етіп отырады. Жедел жәрдем қызметінің ыдырап кетпеуіне көмектесіп отыр. Жалпы болашақта жедел жәрдем қызметінің мобильді орталығын ашу жоспарланып жатыр, - Жанболат Икрам.
Бас ауырса, төтенше жағдай болса ә дегенде бірінші болып жедел жәрдем қызметі көмекке жүгіреді. Десе де, Талғар ауданындағы қызметтің қазіргі жағдайы мәз емес. Бірақ халық көмексіз қалып жатқан жоқ.
Біздің аудандық жедел жәрдем қызметінде көлік те, қызметкер де жеткілікті. Дер кезінде шақыртуға жетеміз. «Жедел жәрдем кешікті» деген бір де бір шағым болған емес. Ғимаратымыз нашар деп қол қусырып отырған жоқпыз, барынша қызмет көрсетіп жатырмыз, - дейді Жанболат Икрам.