Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру мен ЭЦҚ қолданылады

Жаңа норма 2 қыркүйектен бастап күшіне енеді

 Динара Амантай 23.08.2024 | 16:53
Қазақстанда онлайн несие рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру мен ЭЦҚ қолданылады
Фото: Halyq Uni

Енді онлайн несие алғысы келетін қазақстандықтар биометриялық сәйкестендіруден өтіп, электрондық цифрлық қолтаңбасын қоятын болады. Елімізде микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды  Halyq Uni.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген өзгертулерде несие алушы онлайн-микронесиені рәсімдеу үшін пайдаланылатын жеке кабинетте тіркелу кезінде биометриялық деректер бойынша биометриялық сәйкестендіру және электрондық цифрлық қолтаңбасы қолданылатыны жазылған. Атап айтқанда, клиенттің ұялы байланыс құрылғысының абоненттік нөмірі немесе банк шотының деректемелері туралы деректерге өзгерістер енгізу жеке кабинетінде биометриялық сәйкестендіру және ЭЦҚ қолдану арқылы іске асырылады. 

Сонымен қатар микронесие алу туралы келісім жасау немесе оны өзгерту кезінде де осы әдіс қолданылады. Егер клиенттің банктік шоты немесе төлем картасының оған тиесілі екені сәйкестендірілмеген жағдайда ақша аударылмайды. 

Ал микронесиені касса арқылы алатын клиенттер визуалды сәйкестендіруден өтуі керек. Микроқаржы ұйымдары клиенттің биометриялық сәйкестендіруден өтуі кезінде жиналған мәліметтердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Қаржы ұйымдары клиенттің жеке деректері таралғанын анықтаған жағдайда қосымша қауіпсіздік шараларын іске асыруға тиіс. Оның ішінде клиентті қайта биометриялық сәйкестендіру, ұсынған мәліметтерін салыстыру, клиентті хабарлар ету көзделген. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда банктік қарыз немесе микронесие беруге жұбайының келісімін алу қағидалары бекітілген болатын.  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысына сәйкес, жұбайының келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микронесиенің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 млн 692 мың теңге) бекітілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама