Алматыда биыл 28 мыңнан аса бала алғаш рет мектепке барады
Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады
Алматыда жаңа оқу жылында 28 мың бала мектеп табалдырығын бірінші рет аттайды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Спикердің айтуынша, 21 тамыздағы жағдай бойынша 1-сыныпқа 27 мың 490 бала қабылданған. Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады, осыған байланысты білім басқармасының болжауынша, мектепке алғаш рет баратын балалардың саны 28 мың 144-ке жетпек.
Алғаш рет соңғы үш жылда 1-сынып оқушыларының саны төмендеген. Себебі биыл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың адамға аз болып отыр. Осы оқу жылында 308 мың 519 бала мектеп партасына отырады, – деді Әсем Нүсіпова.
Жыл сайын 1 тамызда «Мектепке жол» республикалық акциясы жүргізіледі. Ол бойынша әр балаға 55 мың теңгеден 12 мың 684 мұқтаж оқушыға көмек берілді. Аталмыш акция халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылардың балаларын қолдауды көздейді.
Осы жылы қала бюджетінен «Жалпыға бірдей білім беру қорына» 1,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Сондай-ақ, мектеп формасын, спорттық киімдерді және кеңсе тауарларын сатып алу үшін 697 млн теңге көзделген. Демеушілер мен меценаттар 275 млн теңгеге 5 мың 10 балаға көмектесті, – деді спикер.
Сондай-ақ биылғы оқу жылында «Мектеп автобусы» жобасын іске асырылады.
Былтыр жоба аясында 8 мың баланы тасымалдауға 100 автобус сатып алынды. Биыл 23 мектепке тағы 100 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында 14 мыңнан астам баланы 200 автобуспен тасымалдауға 2,5 млрд теңге бөлінді, – деді әкімнің орынбасары.
Спикер алматылық оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты мәліметпен де бөлісті.
2024 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын отбасылардан шыққан 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып балаларын тегін тамақпен қамсыздандыру үшін 16,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Онымен 133 мыңнан аса баланы қамту жоспарланған. Тамақтану құны орта есеппен – 840 теңге, – деді Әсем Нүсіпова.