Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындық қарқынын тексерді
Премьер-министр Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарына барып, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет басшысы Сәтбаевтың 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі саналатын №1 және №2 жылу стансаларын аралады. Премьер-министрге қазір №1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтарды жаңғырту жұмыстарына 13,5 млрд теңге бөлінді. Қазір №5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60%-ы орындалды. Бұған қоса №7 қазандыққа жөндеу кеңінен жүргізіледі. Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң, тозу көрсеткіші 84%-дан 63%-ға дейін төмендеді. №8 қазандықты жаңғырту 70%-ға орындалды. Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауға тиіс. Бұл жерде әкімдік пен корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақтылы жасалуы керек, – деп тапсырды премьер-министр.
Анықтама үшін, қазір Жезқазған ЖЭОның жабдықтары шамамен 65%-ға тозған. Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған. Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді. 10 қазандық дайындалып, 478 шақырым электр беру желілері, 29,8 шақырым су құбырының 22,6 шақырымы жөнделді және 46,4 шақырым газ құбыры салынды.