Бектенов Ұлытау облысының кеншілерін марапаттады
Премьер-министр өңірге сапармен барды
Олжас Бектенов мемлекет басшысының атынан Ұлытау облысының кеншілеріне марапаттар табыстады, деп хабарлады Halyq Uni.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Премьер-министр Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Шахтер күнімен құттықтады, оларға президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыстады.
Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің компанияның ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламалары, даму жоспарлары, әлеуметтік жобалары мен ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.
Биылғы 6 айда корпорация Ұлытау облысындағы жеткізушілерден 92,7 млрд теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер (ТЖҚ) сатып алып, өңірдегі өндірушілерден ТЖҚ сатып алу үлесі 35,5%-ға жетті. Жергілікті кәсіпорындармен 27,8 млрд теңгеге офтейк келісімшарттар жасалды. «Қазақмыс» ішкі құндылығының жалпы үлесі биыл 71,7% болды. Республикалық және жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бірнеше есе өсті.
Облыс өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7% өсіммен елімізде 4-орында тұр. Премьер-министр қарқынды төмендетпеуді тапсырды және одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аударды.
Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтілетін Шахтер күні қарсаңында премьер-министр кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапттарды табыстады.
«Құрмет» орденімен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулет Айқымбаев марапатталды. ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тау-кен жұмысшысы Әлиасқар Аймановқа, ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені учаске шеберлері Қанат Исабек пен Бауыржан Қопабаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі бұрғылаушының көмекшісі Данияр Аккикеловке, оператор Раушан Қалмырзинаға, үңгілеуші Бекмұхан Қалдаровқа, учаске бастығының орынбасары Ақбейсен Қайырбековке, бұрғылаушы Кентай Оразбековке, машинист Бейсен Әбілмажинге, жетекші механик Борис Поликарповқа және Жезқазған байыту фабрикаларының өндіріс директоры Арыстанбек Әбдіқайыровқа табысталды,– делінген Үкімет хабарламасында.