Ферроқорытпа зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі – комиссия
Тергеу нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі
Биыл 20 шілдеде Қарағандыда орналасқан «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында болған апатты тергеу үшін құрылған арнайы комиссия жағдайдың мән-жайын зерделеп, негізгі кінә жұмыс берушіде екенін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni.
Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және олардың отбасы мүшелерімен кездесіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әлеуметтік қорғауға заңды құқығы түсіндірілді. Тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына беріледі.
Сондай-ақ, комиссия «YDD Corporation» ЖШС басшылығына апаттың себептерін жою және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде шаралар кешенін қабылдауға қаулы етті.
Еске сала кетсек, 20 шілдеде Қарағандыдағы «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытында апат болып, салдарынан 8 жұмысшы зардап шеккен, олардың төртеуі қаза тапты.