Абай облысында еңбек қауіпсіздігі қалай қадағаланып жатыр

Халық үні

Еңбек инспекциясы жоспардан тыс 85 тексеру өткізген

Фото: Абай облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Абай облысында еңбек қауіпсіздігі заңнамаларының сақталмауы салдарынан 66 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Halyq Uni.

Абай облысы бойынша бақылау басқармасы басшысының орынбасары, облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Ниетқабыловтің мәліметінше, жұмысшылардың өтініштері негізінде еңбек инспекциясы 85 жоспардан тыс тексеру және 13 профилактикалық бақылау жүргізген. Тексеру нәтижесінде анықталған 829 заң бұзушылықты жоюға 79 ұйғарым берілді. Жалпы жұмыс кезінде 66 қызметкер зардап шеккен. 

Мысалы, қаңтар айында кәсіпорындардың бірінде жұмысшыны автокранның кабинасында бұрылмалы платформасы басып қалған. Ақпан айында екі жүк көлігі соқтығысып, бірінің жүргізушісі қаза тапты. Сонымен қатар, су құбыры жүйесінің құдығына қорғаныс құралдарынсыз түскен слесарь белгісіз газбен уланды, - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ спикер барлық істерді арнайы тергеп-тексеру комиссиялары зерттеп, материалдар мен қорытындылар полицияға жіберілгенін атап өтті.

Жазатайым оқиғалардың ең көбі тау-кен өнеркәсібінде және құрылыс нысандарында тіркелген. Олардың негізгі себептері - кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауаптылар тарапынан жұмысты белгілі деңгейде ұйымдастырмау, қауіпсіздік техникасын сақтамау және қызметкерлер тарапынан ережелерді елемеу, сондай - ақ жол қозғалысы ережелерін бұзуы, - деп қорытындылады Ерлан Ниетқабылов.