Halyq Uni логотип
×

Медициналық пойыз дәрігерлері 32 мың адамды қарады

Аурулардың ерте диагностикасы мен дер кезінде емделуіне ерекше назар аударылады

 Динара Амантай 23.08.2024 | 10:27
Медициналық пойыз дәрігерлері 32 мың адамды қарады
Фото: Halyq Uni

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы алты облыстың, яғни Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 48 стансаны аралады, деп хабарлады Halyq Uni.

Жоба аясында 10 мың баланы қоса алғанда барлығы 32 мың адам пойыздағы медицина мамандарына қаралды. Сонымен қатар оларға 91 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Соның ішінде стоматологиялық қызметтер, зертханалық зерттеулер, кішігірім хирургиялық оталар, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер бар.

Аурулардың ерте диагностикасы мен дер кезінде емделуіне ерекше назар аударылады. Қазір жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және балалардың ауруларын қосқанда түрлі дертке шалдыққан 1933 науқас анықталды. 255 баланы қоса алғанда барлық науқастар тұрғылықты жері бойынша емханалардың тұрақты бақылауына алынды.

Жоба тек диагностикалау үшін ғана емес, сонымен бірге күрделі және төтенше жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуде де маңызды болып шықты. Мәселен, Жақсы стансасында кардиологқа қаралған науқастың ауруын дер кезінде анықтау арқылы ол бір ажалдан аман қалды. Оның бойында миокарда инфаркті ауруының белгілері анықталып, дереу ауруханаға жатқызылды. Медициналық пойыз жабдықтарының арқасында қауіпті ауруларды жедел анықтап, шұғыл көмек көрсету мүмкін болды, – делінген ДСМ хабарламасында.

Жылдың соңына дейін Қазақстанның 11 облысындағы тағы 44 стансаны қамту көзделіп отыр. Жоба командасында педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург және басқаларын қоса алғанда 14 арнайы бейінді салалық маман бар.

Еске сала кетсек, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Денсаулық сақтау министрлігі және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арасындағы ынтымақтастық аясында іске асырылып жатыр. Жобаның басты мақсаты – шалғай стансалардағы тұрғындарға білікті мамандардың медициналық көмегін беру және денсаулық сақтау саласына қаралуға мүмкіндігі шектеулі өңірлердің медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама