Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Тоқаев Тәжікстан – сенімді досымыз әрі уақыт тезінен өткен одақтасымыз екенін айтты 

 Халық үні 23.08.2024 | 05:14
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты келіссөздер аяқталғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. 

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Президент Эмомали Рахмонға шынайы ризашылығын білдіріп, бауырлас Тәжікстан еліне жасаған мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.

Бұл сапар өзара құрметке, сенімге және жан-жақты ынтымақтастыққа негізделген қазақ-тәжік қатынастарының дәйекті түрде нығаюына тың серпін береді. Тәжікстан – сенімді досымыз әрі уақыт тезінен өткен одақтасымыз. Екі елді ортақ тарих, мәдениет және рухани құндылықтар байланыстырады. Біз барлық деңгейде тығыз әрі өзара сенімге құрылған саяси диалог орнаттық. Бірлескен күш-жігер арқылы нағыз достық пен тілеулестік рухында ортақ келешектің негізін қалап келеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекетаралық байланысы одақтастық қатынастар деңгейіне шыққанын айтты.

Жаңа ғана біз құрметті Эмомали Шариповичпен Қазақстан мен Тәжікстанның арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойдық. Бұл – екіжақты ықпалдастықтың мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанымызды айғақтайтын тарихи құжат. Бұдан былай бауырлас халықтар біздің одақтас елдер екенімізді нық сеніммен айта алады. Осы орайда көреген саясаты және қазақ-тәжік қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін бауырлас тәжік елінің көшбасшысы Эмомали Шарипович Рахмонға зор ризашылығымды білдіргім келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент келіссөз барысында қос тарап бауырлас халықтарды бір-біріне жақындастыруға, қазақ-тәжік қатынасын жан-жақты нығайтуға ұмтылатынын тағы да растағанын жеткізді.

Елдеріміз арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Мұны үлкен ықыласпен атап өттік. Өзара тиімді әрі жан-жақты серіктестікті арттыру үшін алдағы уақытта да барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық. Екіжақты сауда-саттық мәселесіне айрықша назар аударылды. Соңғы бес жылда елдеріміз арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы екі еседен артық өсім көрсетіп, 1 миллиард доллардан асып түсті. Биылғы алты айдың қорытындысы да ойдағыдай, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама