Фермерлерге астық кептіру үшін арзандатылған бағада сұйытылған газ беріледі
Биыл 2,2 млн тонна астық бастырылды
Жақын арада Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ өкілдері жергілікті жерлерде егін жинау жұмыстарын жедел басқару үшін өңірлерге барады. Бұл туралы күзгі дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жедел штабтың бірінші отырысында айтылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
АШМ 20 тамыздағы деректеріне сәйкес, елімізде 2,2 млн тонна астық бастырылып, 1,1 млн тоннасы жиналды. Ондағы дақылдардың 76%-ы жақсы, 22%-ы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Егін жинау қарқыны былтырғыдай деуге болады, бірақ толассыз жауған жаңбыр жаппай жұмыс істеуге және дәнді дақылдардың толық пісуіне кедергі келтіріп жатыр. Осыған байланысты жедел штаб отырысында өңірлерді астық кептіру агрегаттарымен және оларға арналған отынмен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
АШМ вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде негізгі астық егетін өңірлерде тәулігіне жалпы қуаты 820,6 мың тонна болатын 1301 астық кептіру агрегаты бар. Осы кептіру агрегаттарының жұмысы үшін 61 мың тонна арзандатылған дизель отынына өтінімдер келіп түсті. Бірақ кейбір облыстарда кептіргіштер сұйытылған газбен жұмыс істейді, сондықтан бұл қондырғыларға арзандатылған газ қажет.
Өз кезегінде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин АШМ мен ЭМ-ге кептіру агрегаттары үшін қажетті сұйытылған газ көлемін есептеп, фермерлерді арзандатылған отынға кезекте тұрғандар тізіміне қосуды тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктерге фермерлердің мобильді кептіру агрегаттарына деген қажеттілігін есептеу, ал қаржы институттарына аталған құрылғыларды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды, – делінген министрлік хабарламасында.
Жаңа астықты ішкі нарыққа және экспортқа үздіксіз жеткізуді ұйымдастыру, жылжымалы құрамды жедел үйлестіру және басқару үшін Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктері, Азық-түлік корпорациясы, ҚТЖ және әкімдіктер апта сайын, ал жаппай егін жинау кезеңінде – күн сайын селекторлық кеңестер өткізеді.