Қостанай облысында алименттен жалтарғандарға қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс қозғалды
175 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қостанай облысында алименттен жалтарғандарға қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері кәмелетке толмаған баланы асырау үшін алимент төлеуден жалтарған 175 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 38 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 4 адам бас бостандығынан айырылған.
Рудныйда азамат К. мүгедектігі бар баласына 2,1 миллион теңге көлемінде алимент төлеуден қасақана жалтарғаны анықталды. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, борышкер сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Басқа жағдайда, Лисаков тұрғыны алиментті өтеу есебіне қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін 2 бір бөлмелі пәтерді тапсырды. Сол сияқты тағы 4 борышкер алимент өндіріп алушыларға тұрғын үй құқығын берді. Қабылданған қадағалау актілерімен 210 баланың пайдасына 240 млн теңгеден астам сомаға алимент бойынша берешек өтеліп, балаларды асырауға алименттерді уақтылы және толық өндіріп алу жөніндегі жұмыстың жеткіліксіздігі үшін 18 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – делінген прокуратура хабарламасынд.
Сондай-ақ, Беймбет Майлин аудандық прокуратурасымен жеке сот орындаушысының 3 айдан астам алимент бойынша берешегі бар 100 борышкерге қатысты шара қолданбау фактілері анықталды.
Қадағалау актісі бойынша сот орындаушысы лицензиясынан айырылып, оның атқарушылық іс жүргізуі басқа тұлғаға берілді, осылайша 110 балаға ай сайынғы төлемдер жедел қамтамасыз етілді.