Алматыда мүгедектікті анықтау бойынша 14 мыңнан аса қызмет көрсетілді

Дәурен Ерболат

Қалада 60 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады

Фото: Shutterstock

Биыл 7 айда Алматыда мүгедектікті анықтау бойынша 14 мыңнан аса қызмет көрсетілген. Бұл туралы қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Римма Қасымова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Басқарма 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді: зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің 30-дан аса түрі, мүгедектікті белгілеу бойынша бір қызмет.

2024 жылғы шілдеден бастап департамент құрылымының өзгеруіне байланысты 4 ауданаралық бөлім және 1 балалар бөлімі медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізіп жатыр. Биыл 7 айда мүгедектікті анықтау бойынша 14 283 қызмет көрсетілді. Мысалы, алғашқы куәландыру бойынша – 3 314 қызмет, қайта куәландырудан – 10 мың 969 қызмет, - деді Римма Қасымова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бүгінде қалада 59 830 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, оның тең жартысы еңбекке қабілетті тұрғындар.

Сондай-ақ орынбасар 104 нысанда Әлеуметтік кодекс талаптарының сақталуына қатысты тексеріс жүргізілгенін айтты.

Нәтижесінде 153 заңбұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 1 млн 846 мың теңге болатын 10 әкімшілік хаттама толтырылды, - деді департамент өкілі.