Ол астық қабылдауға қатысты жалған ақпарат енгізген
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сотта анықталғандай, айыпталушы акционерлік қоғамның құрылымдық бөлімшесіне тиесілі «А.» ЖШС өкілдігінің директоры бола тұра, астық қабылдау кәсіпорны мен астық иесінің арасында оны сақтауға өз бетінше жария шарттар жасаған. Осылайша, ол 2021 жылдың тамызында «№. база» мекемесінің директоры бола тұра, іс жүзінде астықты қабылдамастан тауар-транспорттық жүкқұжатқа «№. базасына» 3 серіктестіктен және шаруа қожалықтардан 101,7 млн теңгеге 891 415 келі бидай өлшеніп, сақтауға қабылданды деп жалған мәліметтерді енгізген.
Сондай-ақ, ол аталған ЖШС директорларынан құжатта көрсетілген астық көлемін өткізуді талап етіп, олардан 95 млн теңге алған.
Одан бөлек, Ж. 2021 жылдың қазанынан бастап 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта «№. базасының» директоры қызметін атқара отырып, «С.» ЖШС-нен құны 58,5 млн теңге болатын 474 мың 468 келі астықты жалған түрде сақтауға қабылдап, ол үшін 35 млн теңге қолма-қол ақша алған.
Одан кейін 2022 жылғы қыркүйектен желтоқсанға дейінгі кезеңде «№. базасында» элеватордың дәнді дақылдармен толық толтырылуына байланысты астықты сақтауға мүмкіндігі болмаған. Осыған қарамастан сотталушының нұсқауымен астық үздіксіз қабылданып, салдарынан құны 118,7 млн теңге болатын 996 мың 750 келі бидай қабылданып, жарамсыз болып қалған.
Акционерлік қоғамның құрылымдық бөлімшесіне келтірілген залалдың мөлшері – 278,9 млн теңгенің 2 млн 362 мың 633 келі бидай.
Сот үкімімен Ж. ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2)-тармағында, 371-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқарудан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 8 жыл 5 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.