Жалақысы жоғары қазақстандықтар МӘМС-ке көбірек жарна төлеуі мүмкін
Заңға өзгеріс енгізу бастамасы ұсынылып отыр
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов Қазақстанда жалақысы жоғары тұрғындар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) көбірек жарна төлеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Астанада өткен баспасөз мәслихатында басқарма төрағасына «Бүгінде МӘМС-ке аударылатын жарна қазақстандықтардың табысының 2%-ынан алынады. Алайда бұл талап айлығы 850 мың теңгеден асатын тұрғындарға жүрмейді. Себебі, 850 мың теңгеден артылған сомадан МӘМС жарнасы алынбайды. Елімізде еңбек өтілі жоғары министрлер мен әкімдердің жалақысы 1,2 млн теңгеден асатынын білеміз. Демек олар МӘМС жарнасына осы 1,2 млн теңгенің 2%-ын емес, 850 мың теңгенің 2%-ын ғана төлейді. Бұл әділетсіздік емес пе?» деген сұрақ қойылды.
Әбілқайыр Сқақов бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) қарастырып жатқанын айтты.
Бұл рас. Қазақстандықтың айлығы 850 мың теңгеден асса, МӘМС жарнасы артық алынбайды. Қазір ДСМ осы мәселені қарастырып жатыр. Министрлік тарапынан ұсыныс бар. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да өз есептерін берді. Алдағы уақытта басқа мемлекеттік органдар қолдайтын болса, заңнамаға өзгеріс енгізу бастамасы ұсыныс ретінде енгізіледі, – деді төраға.
Оның айтуынша, 850 мың теңге болатын шекті 4,5 млн теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.
Бүгінде шекті мөлшер 10 минималды айлық болса, енді оны ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшеріне дейін көтеру ұсынылып отыр. Демек 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр, – деді Әбілқайыр Сқақов.