Тасқынға дайындық: Ақтөбе су қоймасын реконструкциялау басталды

Қымбат Елтайқызы

Биыл бұл өңірде су тасыған еді

фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ақтөбе су қоймасын кешенді реконструкциялау басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ақтөбе облысында Елек өзеніндегі Ақтөбе су қоймасы реконструкциядан өтіп жатыр. 245 миллион текше метр су жинай алатын нысан биыл тасқын кезінде үлкен көлемде су қабылдаған болатын, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.

Су қоймасының су өткізетін құрылыстары мен бөгетінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, нысанның күзет дабылы мен жарықтандыру, бейнебақылау және электрмен жабдықтау жүйелері жөнделеді, – деп қосты ведомство.

Су қоймасын реконструкциялау су тасқыны кезеңіне дейін аяқталады.

«Ақтөбе су қоймасы стратегиялық нысан саналады. Реконструкциялау мақсаты - су қоймасын одан әрі пайдаланудың сенімділігін, беріктігі мен қауіпсіздігін арттыру, апатты жағдайлар мен сумен қамтудың бұзылуына жол бермеу, Ақтөбе қаласының егіс алаңдары мен өнеркәсіп орындарына су беру көлемін ұлғайту. Аталған жұмыстар 2024-2030 жылдарға арналған Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп жатыр», - деді Ақтөбе облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Ринат Шәуенов.