Қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруға уақытша тыйым салынды

Динара Амантай

Министр тиісті бұйрықты қабылдады

Фото: Halyq Uni

Биыл 19 тамызда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын шығаруды реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрығын қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұйрықпен ҚР аумағынан қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын, сондай-ақ бұрын пайдалануда болған құбырларды, рельстерді, теміржол төсемінің элементтерін және жылжымалы құрамды темір жол көлігімен шығаруға уақытша тыйым салынды.

Бұл норма отандық металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету және тиеу мақсатында қабылданды.

Министрлік өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган ретінде соңғы бірнеше жыл ішінде ішкі және сыртқы нарықтарға бағдарлана отырып, болат өнеркәсібі өндірісін кеңейтуге бағытталған дәйекті жұмыстарды жүргізіп келеді. Бұл ұлттық өнеркәсіптік саясатты дамытудың негізгі элементі болып табылады, – делінген министрлік хабарламасында.

Бұйрық 2024 жылдың 22 тамызынан бастап күшіне енеді.