Астаналықтарға жарты млрд теңге шығын келтірген алаяқ сотталды
Әйел пәтер алып беремін деп алдаған
Елордада тұрғындарға жарты млрд теңге шығын келтірген алаяққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Астанада 41 жастағы әйел тұтыну кооперативін тіркеп, салымшыларды заңды түрде жұмыс істейтінін айтып сендірген.
Тіпті, әйел кеңсені жалға алып, әлеуметтік желілерде жұмысын жарнамалаған. Алаяқ «Отбасы», «50/50», «Тез арада бөліп төлеу» және «Жинақ» деген бағдарламаларды ойлап тауып, сол арқылы тұрғын үй сатып алуға көмектесеміз деп тұрғындарға уәде берген. Осылайша, инвесторлар арнайы ашық шотқа ақша аудара бастаған.
Әйел бұл активтердің есебінен Астана, Ақмола облысы, Ақтау және Атырау қалаларында кезекте тұрған басқа салымшыларға баспана алып берген.
Кезегі келмей қалған 16 салымшыға жалпы сомасы шамамен 525 млн теңгеге материалдық шығын келген. Сот оны қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, мүлкі тәркіленіп, басшылық қызметтерді атқару құқығын шектеп, 6 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотталушы жазасын Семей қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.
Онымен түсіндіру жұмысын жүргіздік. Ол тұрмыс құрмаған, кәмелетке толмаған бір ұлы бар, – деді мекеме басшысының орынбасары Нұрым Баяхметов.